Мемлекетке миллиардтаған шығын келтірген күдікті Ресейден Қазақстанға жеткізілді
- авторБақытжан Бекболат
- 31 қазан, 2025
- 222
Бас прокуратура Ресей Федерациясынан Жетісу облысында көліктерді заңсыз тіркеу ісіне қатысы бар күдіктіні экстрадициялады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Тергеу деректеріне қарағанда, ол «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкері бола отырып, ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында 2022–2023 жылдары шетелден әкелінген жүк көліктерін заңсыз рәсімдеген.
Күдікті алғашқы тіркеу алымдарына қатысты жалған мәліметтерді ақпараттық жүйеге енгізу арқылы 481 көлік құралын заңсыз есепке қойған. Соның салдарынан мемлекет қазынасына 3,7 млрд теңге көлемінде төлем түспей қалған.
Қылмыс ашылған соң ол елден қашып, халықаралық іздеуге берілген. Биыл наурыз айында Мәскеу облысында қолға түскен күдікті енді Қазақстанда тергеу изоляторында қамауда отыр.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оған мүлкін тәркілей отырып, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.






