Суару маусымына дайындық: 526 шақырымнан астам ирригациялық канал тазартылды
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 09:02
- 92
Жыл басынан бері суару маусымына дайындық мақсатында «Қазсушар» РМК 526 шақырымнан астам ирригациялық каналда механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов вегетация кезеңіне дайындық мәселелері бойынша аппарат кеңесін өткізді.
Бүгінге дейін тазартылған каналдардың 355 шақырымы Түркістан облысында, 40,5 шақырымы Қызылорда облысында, 41,9 шақырымы Жетісу облысында, 68,7 шақырымы Жамбыл облысында, 20,4 шақырымы Алматы облысындағы Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалының қарауында.
Жалпы, биыл «Қазсушар» РМК-ның он филиалының қарамағындағы 2211,8 шақырым каналды механикалық әдіспен тазарту жоспарланып отыр. Олардың қатарында Шығыс Қазақстан, Павлодар, Абай және Ұлытау облыстарындағы филиалдар, сондай-ақ Қ. Сәтбаев атындағы канал филиалы бар.
Айта кетейік, соңғы 2,5 жылда «Қазсушар» РМК күшімен 3,5 мың шақырымнан астам ирригациялық канал тазартылды.
«Бұл шараларды жүзеге асыру каналдардың су өткізу қуатын арттыруға және суармалы жерлерге су жеткізуді жақсартуға мүмкіндік береді. Жұмыстарға Су ресурстары және ирригация министрлігі ұсынған арнайы техника жұмылдырылды. Атап айтқанда, 12 шынжыртабанды экскаватор, 39 доңғалақты экскаватор, 31 бульдозер және 79 тиегіш пайдаланылып жатыр. «Қазсушар» РМК техника паркін жаңарту каналдарды механикалық әдіспен тазарту жұмыстарын едәуір жеделдетуге мүмкіндік берді», – деді «Қазсушар» РМК бас директорының міндетін атқарушы Ануар Өскенбаев.






