Жамбылда қарақұйрықты заңсыз аулағандар ұсталды
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 09:11
- 64
Облыстың табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері мен табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының «Сапсан» жедел қызметі инспекторларының бірлескен рейдтері барысында заңсыз аң аулау дерегі анықталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жамбыл ауданы аумағындағы мемлекеттік орман қоры жеріне жататын құмды алқапта орналасқан қойшының үйінен жабайы жануар — қарақұйрықтың бөлшектелген денесінің бөліктері табылды.
Ер адам жануарды заңсыз аулап, оны бөлшектеп, етін тұрғылықты жеріне жеткізгені белгілі болды. Сондай-ақ, ол тіркелмеген 16 калибрлі аңшы мылтығы мен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсырды.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарларды заңсыз аулау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
- Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтарды табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға, жануарлар дүниесіне ұқыпты қарауға және браконьерлік деректері туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады, - делінген ақпаратта.






