Өткен жылы Қазақстанда жиһаз өндірісі 56,7%-ға артты
- авторБақытжан Бекболат
- 22 ақпан, 2026
- 5
Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі қарқынды дамып келе жатқан секторлардың бірі – жиһаз өндірісі. 2025 жылы отандық жиһаз индустриясы сенімді өсім көрсетті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Өткен жылы жиһаз өнімдерін өндіру көлемі56,7%-ға артып, 165,1 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясы хабарлады.
Жиһаз саласының жалпы өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 0,3%-ды, ал өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 0,5%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер 2024 жылмен салыстырғанда жоғары (0,2% және 0,4% сәйкесінше).
Сарапшылардың мәліметінше, нақты мәнде ең жоғары өсім кеңсеге арналған ағаш жиһаз өндірісінде (37,2%-ға), асхана мен қонақ бөлмеге арналған ағаш жиһазда (18,5%-ға) және металл қаңқалы арнайы отыруға арналған жиһаздардың (2,8%-ға) өндірісінде байқалады.
Сонымен қатар, жатын бөлмеге арналған өзге ағаш жиһаздар (кереуеттер мен шкафтарды қоспағанда) және ас үй жиһазы сегментінде өндіріс көлемі біршама төмендеген.
2025 жылы жиһаз өнімдерін ішкі тұтыну нарығының көлемі $670 млн жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 3% - ға өскенін көрсетеді. Бұл ретте қазақстандық өндірушілер ішкі нарықтың 37,8%-ын қамтамасыз етті (бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 33,7% болған).
Саланың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 6,9 млрд теңгеден асты. Жиһаз өндірісіне инвестиция тарту бойыншаТүркістан облысы көш бастады – өңірде 4,8 млрд теңге инвестиция құйылып, республикалық жалпы көлемнің шамамен 70%-ын құрады. Қаражат негізінен кеңсе жәнесаудаға арналған жиһаз өндірісіне бағытталды.
Қазақстандық жиһаздың шетелге сатылымы4,7 есеге өсіп, $72,2 млн құрады. Экспорттағы ең жоғары өсім өзге металл жиһазда (11,3 есе), металл қаңқалы отырғыш жиһаздың өзге түрлерінде (5 есе) және пластмассадан жасалған жиһазда (88,7%) тіркелді. Экспорттың негізгі бағыттары ТМД елдері болды.
«Жалпы, 2025 жыл жиһаз саласында өндіріс пен экспорттың қарқынды өсімі мен ерекшеленіп, отандық өндірушілердің ішкі нарықтағы позициясын нығайтқан кезең болды», – деп қорытындылады дирекцияда.
QazIndustry мәліметінше, 2026 жылы еліміздің түрлі өңірлерінде жиһаз өндірісі бойынша сегіз жобаны іске қосу жоспарланған. Қазіргі уақытта Қазақстанда жиһаз және оған қажет құрамдас бөлшектер өндіретін 1800-ден астам компания тіркелген.






