Жыл басынан бері 8 мыңнан астам этникалық қазақ тарихи отанына оралды
- авторБақытжан Бекболат
- 25 тамыз, 2025
- 434
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері 8 051 этникалық қазақ Қазақстанға қоныс аударып, қандас мәртебесін иеленді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қай елдерден келді?
Жыл басынан келген қандастардың басым бөлігі көрші елдерден:
44,2% – Өзбекстаннан,
43,2% – Қытайдан,
5% – Түрікменстаннан,
2,7% – Моңғолиядан,
2,4% – Ресейден,
2,5% – басқа мемлекеттерден.
Қоныстанушылардың құрамы
2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша этникалық қазақтардың 59,1%-ы еңбекке қабілетті жаста. Ал 31,8%-ы – балалар, 9,1%-ы – зейнеткерлер.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінде:
15,7%-ы жоғары білімді,
28,1%-ы кәсіби орта білімді,
53,5%-ы жалпы орта білімді,
2,7%-ының білімі жоқ.
Қоныстандыру өңірлері мен қолдау шаралары
Қоныс аударушылар Қазақстанның түрлі өңірлеріне қоныстануда. Еңбек күші тапшы аймақтар ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары белгіленген.
2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. Оның ішінде 1 тамызға дейін 1 286 қандас қоныс аударып үлгерді.
Мемлекет тарапынан қандастарға қолдау шаралары көрсетіледі:
көшуге бір жолғы субсидия – отағасына және отбасының әр мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге),
тұрғын үй жалдау мен коммуналдық қызметтерге – бір жыл ішінде 15–30 АЕК (59–118 мың теңге).
Жыл басынан бері 563 қандасқа әртүрлі көмек берілді, олардың 221-і тұрақты жұмысқа орналасты.
Жаңа қолдау тетіктері
Солтүстік өңірлерге қоныс аудару тиімділігін арттыру үшін жұмыс берушілерді қолдаудың жаңа тетіктері енгізілді. Экономикалық ұтқырлық сертификаты арқылы тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық қарыздың бастапқы жарнасын жабуға мүмкіндік беріледі. Сертификат мөлшері тұрғын үй құнының 50%-ына дейін, бір отбасыға – 4,56 миллион теңгеге дейін жетеді.






