Ауқатты ауылдық округінің әл-ауқаты артып келеді
- авторБақытжан Бекболат
- 30 шілде, 2025
- 645
Бүгінгі баспасөз туры барысында біз осы округтегі бірқатар жаңа нысандарды аралап шықтық.
Ауыл кіреберісіндегі жаңа стелла
Ауқатты ауылының кіреберісінде орнатылған жаңа стелла – ауылдың жаңаруын білдіретін белгі. Қарапайым, бірақ көрікті етіп жасалған. Бұрын бұл маңда ешқандай белгі болмаған. Енді ауылға кірген адам ең алдымен осы стелланы көреді. Бұл – ауыл мәртебесін көтеретін, сырт көзге жақсы әсер қалдыратын шағын, бірақ мағыналы жұмыс.

40 жылдан кейін жаңарған білім ордасы
Ауқатты ауылдық округіне қарасты Қызылсай ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектеп – ауылдың ғана емес, бүкіл өңірдің тарихында маңызды орны бар білім ұясы. 1984 жылы пайдалануға берілген бұл мектеп арада 40 жыл өткен соң алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Жылдар бойы тек ағымдағы жөндеулермен шектеліп келген ғимарат енді заманауи талаптарға сай толық жаңғыртылды.

Ауқымды жөндеу жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Бұл мақсатқа 750 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары сапалы әрі мерзімінде аяқталған. Жөндеу барысында мектептің шатыры, едені, терезелері мен есіктері толық жаңартылды. Сондай-ақ, электр және жылу жүйесі толығымен ауыстырылып, ғимараттың ішкі-сыртқы келбеті түбегейлі өзгерді.
Мектептің спорт залы мен акт залы да жаңа кейіпке енді. Енді оқушылар дене шынықтыру сабағын кең әрі жарық залда өткізіп, түрлі мәдени іс-шараларға белсене қатыса алады. Сонымен қатар, интерактивті тақталармен жабдықталған жаңа сыныптар мен заманауи талаптарға сай келетін кабинеттер ашылып, оқушылар мен ұстаздарға қолайлы жағдай жасалды.
420 оқушыға арналған білім ордасы бүгінде ауыл балаларына сапалы білім алуға мүмкіндік беріп отыр. Тұрғындардың айтуынша, бұл жөндеуді олар бірнеше жылдан бері күтіп келген. Сол үміт пен сенім ақталып, енді ауыл балалары қауіпсіз, жарық, жылы әрі технологиялық жабдықталған мектепте оқиды.
- Ауылда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар – сенім мен қолдаудың нақты нәтижесі. Мысалы, төрт жүз орындық мектебімізге күрделі жөндеу жүргізілді. Қазір бұл мектептің заманауи келбеті – қала мектептерінен кем түспейді. Сонымен қатар, балабақша жұмыс істеп тұр. Оның жағдайы да өте жақсы, қаладағы балабақшалармен тең дәрежеде деуге болады.
Ауыл ішіндегі жолдардың барлығы дерлік асфальтталған. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Таулы аймақта орналасқан ауыл болған соң, қыста қар қалың түсіп, көктемде қар суы мол келеді. Соның салдарынан жыл сайын ауылдағы көпірді су шайып кететін. Осы мәселені аудан және ауыл әкімдері дер кезінде шешіп, қаржы бөлініп, жаңа көпір салынды. Қазір ол жұмыс толық аяқталуға жақын, - деді Қызылсай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтыбек Мүсілімбеков.
Балаларға – ойын, жастарға – спорт алаңшасы
Ауыл орталығында балалар ойын алаңшасы мен футбол алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл – ауыл балалары үшін көптен күткен қуаныш. Енді балалардың ойнайтын, жүгіретін, таза ауада уақыт өткізетін қауіпсіз әрі қолайлы орны болады. Алаңқайлар заманауи талаптарға сай салынып, түрлі жастағы балаларға бейімделген болады.

Айта кету керек, дәл осы аумақта 2023 жылы спорттық-сауықтыру кешені салынған болатын. Бүгінде ауыл тұрғындары сол кешенде спортпен шұғылданып, денсаулығын нығайтуда. Ал жаңа салынып жатқан балалар мен спорт алаңдары сол кешенмен бір аумақта орналасып, біртұтас демалыс аймағына айналмақ.
Ауыл әкімі осы аумақты алдағы уақытта одан әрі кеңейтіп, келер жылы толыққанды саябаққа айналдыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл бастама ауылдың келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне үлкен мүмкіндік бермек.Тұрғындарда мұндай игі істерге дән риза.
— Өзім осы ауылда тұрып жатқаныма 40 жылдан асты. Бұл ауыл менің туған жеріме айналды. Биыл біздің ауылымыз үшін үлкен қуаныш болды – балаларға арналған ойын алаңы салынды. Бұл – ауыл балаларының көптен күткен арманы еді. Сол арман орындалып, ауылда үлкен қуаныш орнады.
Алаң бос жатқан жерге орналастырылды. Қазір күннің ыстықтығына байланысты балалар аз болса да, кешкі уақыттарда осы маңдағы үш ауылдың балалары осы алаңға жиналады. Алаң балалардың күлкісі мен шаттығына толып кетеді. Барлығы дән риза. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ.
Ауыл тұрғындарының атынан осы игі іске атсалысқандарға үлкен алғыс айтамын. Ауылымыз осылай көркейіп, дами берсін деп тілейміз, - дейді ауыл тұрғыны Қарлығаш Кеңесбековна.
Биотермиялық шұңқыр – қауіптің алдын алу үшін
Ауыл сыртында мал өлекселерін жоюға арналған биохимиялық шұңқырдың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұған дейін мұндай арнайы орын болмағандықтан, мал қырылған жағдайда өлексені қалай және қайда көму мәселесі ауыл тұрғындары үшін үлкен қиындық тудыратын. Бұл – тек санитарлық емес, экологиялық тұрғыдан да өзекті түйткіл болатын.
Енді бұл мәселе тиісті деңгейде шешімін табуда. Биохимиялық шұңқыр – мал өлексесін санитарлық талаптарға сай жоюға арналған арнайы нысан, оның құрылысы ветеринарлық және экологиялық стандарттарға толық сәйкес жүргізілуде. Мұндай шұңқырлар мал ауруларының таралуының алдын алып, топырақ пен жерасты су көздерінің ластануынан сақтайды.
Бұл нысан – тек малшылар мен ветеринар мамандар үшін ғана емес, бүкіл ауыл халқының денсаулығы мен қоршаған орта қауіпсіздігі үшін маңызды. Құрылысы аяқталған соң, ауылдағы санитарлық жағдай айтарлықтай жақсаратыны сөзсіз.
Биохимиялық шұңқырдың жалпы аумағы – үш сотық. Қазіргі уақытта соңғы жұмыстар жүргізілуде. Жоспар бойынша бұл нысан алдағы он күн ішінде пайдалануға беріледі.
Тұрғын үйлер мен көше жарығы
Ауқатты ауылдық округінде елді мекеннің болашағына серпін беретін маңызды жобалардың бірі – жаңа тұрғын үй массивіне инфрақұрылым тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
Аталған аумақ – тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жер телімдерін беру үшін белгіленген. Қазіргі таңда бұл жер ауызсу жүйесімен 100 пайыз қамтылған. Ал электр желісін орнату жұмыстары 70 пайызға аяқталған. Сонымен қатар, көше жарықтандыру желілері іске қосылып, түнгі уақытта тұрғындардың қауіпсіз жүріп-тұруына мүмкіндік жасалуда.
Жоба бойынша бұл аумақтан 780 адамға жеке тұрғын үй салуға жер телімі берілмек. Бұл бастама ауылдағы баспана мәселесін шешуге ықпал етіп, елді мекеннің әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму әлеуетін арттыруға бағытталған.
Жаңа тұрғын үй массиві алдағы жылдары Ауқатты ауылының өсу аймағы ретінде маңызды рөл атқаруы мүмкін.
Қортындылай келе Ауқатты ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар – күнделікті өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар. Балаларға арналған ойын алаңдары, жастарға спортпен айналысуға жағдай, көшелерді жарықтандыру, қауіпсіздік пен санитария – мұның бәрі ауыл тұрғындарына жайлы орта қалыптастыруды көздейді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады.






