Мәдениет және ақпарат министрі тараздықтармен кездесті
- авторМағжан Орынбасар
- 14 тамыз, 2025
- 547
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында тараздықтармен кездесті, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Жиында баяндама жасаған ведомство басшысы салада атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Алдымен ақпарат саласындағы өзгерістерді атап өткен Аида Балаева елімізде 4900-ден аса бұқаралық ақпарат құралдары бар екенін айтты.
Сонымен қатар «Масс-медиа» заңындағы ерекшеліктер мен әлеуметтік желідегі жарнамалар бойынша блогерлердің қызметі заңмен реттелгенін түсіндірді. Осы ретте министр ғаламторда жалған ақпарат тарататындар көбейгенін, соның салдарынан 200 мыңға жуық дерек анықталғанын жеткізіп, сенімді дереккөздерге иек артуға шақырды.
– Өздеріңіз білесіздер, заман дамыған сайын әлеуметтік желіде арандатушылар мен жалған ақпараттар тарататындар азаяр емес. Өзгенің тіліне, дініне тиісетіндерді де көріп жүрміз. Бұл бойынша заң аясында тиісті шаралар қабылдануда. Әр адам ел бірлігін сақтауға мүдделі болуы керек, – деді Аида Балаева.
Бұдан соң Аида Ғалымқызы мәдениет саласында қолға алынған жұмыстар мен жаңашылдықтарды атап өтті. Министрлік ұстанған басым бағыт – қызметтерді цифрландыру. Бұл бойынша E-muzeum веб-порталы іске қосылып, мемлекеттік музей қорының 65 мыңнан астам экспонаты мен 275 жәдігері туралы ақпарат көпшілікке қолжетімді болып отыр. Сонымен қатар «Е-архив» жүйесі арқылы 2 миллионнан астам құжат цифрлық форматқа көшірілген.
Мұнан кейін Аида Балаева Айша бибі, Қарахан кесенелерінде көрсетілетін қызметтерді толық цифрландыру жұмыстары басталғанын айтты. Өйткені, мұнда келушілер саны жылдан жылға артып жатыр. Тиісінше түсетін табыс көлемі де еселенген. Соңғы уақытта киелі орынға зиярат етушілерден түсетін қаржы үш есе көбейген.
– Нысандарға кіру үшін билет сатылады. Ол қаржыны біреу жәшікке, біреу қалтасына салады. Талан-таражға кетіп жатқаны анық. Осы жартыжылдықтың ішінде бұл мекеменің басшылығын ауыстырып, жеке қадағалауымызға алдық. Мысалы, бұрын кесенелерден түсетін табыс миллион теңге болса, қазір үш миллион теңгеге жетті. Сол үшін біз цифрландыру арқылы қаражаттың ашықтығын қамтамасыз етеміз. Бұл инфроқұрылымды жетілдіру мен жұмысшылардың жағдайын жақсарту үшін маңызды, – деді министр.
Басқосуда А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрына академиялық статус беру мәселесі де қозғалды. Ведомство басшысы бұл бойынша нақты шешімді республикалық комиссия қабылдайтынын айтты.
Айта кетейік, еліміз бойынша ҮЕҰ саны 2,5 есе артса, волонтерлік ұйымдардың саны 3 есе өскен.
Жиын барысында жергілікті тұрғындар министрге мәдениет ошағын салу, әдеби кітаптар шығару, қолөнершілерді қолдау сынды көкейде жүрген сауалдарын жолдап, ұсыныстарын жеткізді.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әр сауалға толық жауап беріп, ұсыныстар заң аясында қарастырылатынын атап өтті.






