Меркі ауданында заманауи қонақ үй ашылды
- авторМағжан Орынбасар
- 17 қыркүйек, 2025
- 406
Бүгінде кез келген елдің туристік әлеуетін дамыту үшін инфрақұрылымды қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі саналады. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы да еліміздің Орта Азиядағы көлік хабына айналу қажеттігін, баса айтып келеді. Осы мақсатта Батыс Еуропа - Батыс Қытай халықаралық дәлізінің Меркі ауданындағы торабында «Qazaq Oil» компаниясының алғашқы жол бойындағы Keruen Inn қонақ үйі ашылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек пен компания басшылығы мен инвесторлар қатысты.

Салтанатты ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген Әбілхайыр Ғалымұлының айтуынша жаңа нысан тек жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, аудан тұрғындарын да жұмыспен қамтымақ.
– Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында жол-көлік сервистерін дамыту бойынша тапсырма берген болатын. Осы мақсатта компаниясы 2029 жылға дейін 60 қонақүйдің құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл бағытта алғашқы жұмыстарды қасиетті Әулиеата жерінен бастағаны үшін компания басшылығына алғыс білдіреміз. Жаңа нысан тек жолаушылар мен көлік жүргізушілеріне арналған сервис қана емес, бұл ауданның экономикасын дамытуға бағытталған маңызды қадам. Бүгінгі күннің өзінде нысан арқылы 20 аудан тұрғыны жұмыспен қамтылмақ. Алдағы уақытта қонақ үй қызметтерінің санын көбейтіп, бұл межені одан әрі арттыру жоспарда бар, – деді Әбілхайыр Тамабек.
Жалпы ауданы 900 шаршы метрден асатын қонақ үйде 31 бөлме бар.Олардың әрқайсысы жеке душ, ванна бөлмесі, теледидар және тегін Wi-Fi желісімен қамтылған. Кешен аумағында тағамдардың кең таңдауы бар кафе, қорғалатын тұрақ, кір жуу орыны мен намазхана, жолға арналған тауарлары бар дүкен, жанармай құю станциясы және электромобильдерді зарядтау орындары бар. Сонымен қатар мұнда қонақтар үшін гигиеналық косметика және қалалық қонақ үй деңгейіне сәйкес келетін барлық ыңғайлылықтар қарастырылған. Ал алғашқы нысанның дәл біздің облыста салынуына аймақтың транзиттік әлеуеті түрткі болған.

– Жаңа нысан «2025-2029 жылдары Qazaq Oil жол бойындағы 60 қонақ үй» бағдарламасы шеңберінде іске асырылып отыр. Аталған бағдарлама толығымен жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады және елдің негізгі автокөлік дәліздері бойында, сондай-ақ шекаралас автомобиль өткізу пункттерінің жанында және басым туристік орындарда қонақ үйлер желісін салуды көздейді. Барлығы бір форматта Keruen Inn аялдамасын транзиттік жүргізушілер мен жүк көліктері үшін де, отбасылық туристер мен іскер саяхатшылар үшін де ыңғайлы етеді. Сервис пен энергия тиімділігінің халықаралық стандарттарына сәйкес келеді. Алғашқы қонақ үйдің Меркі маңында ашылуында да өзіндік себептері бар. Аталған аймақ Қырғыстан мен Өзбекстан елдеріне шығатын негізгі жол торабында орналасқан әрі екі бірдей мегаполисімізді жалғап тұр, – деді «Qazaq Oil» компаниясының оңтүстік өңірлердегі филал басшысы Оралхан Омаров.
Филиал басшының сөзінше, осы жылы төрт қонақ үй салу жоспарланған. Оның алғашқысы облысымызда ашылған болса, келесілерін Қызылорда, Абай облысы мен Батыс Қазақстан облысында ашу жоспарланған.
Ұқсас жаңалықтар
Президент Жолдауы: Облыс әкімдігінде жиын өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 4 желтоқсан, 2025






