жұма, 5 желтоқсан, 2025 14:00

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қордай ауданында жаңа мәдениет үйі ашылды

Қордай ауданында жаңа мәдениет үйі ашылды
Фото - ашық дереккөз
Екі қабатты ғимаратта 180 орындық концерттік зал, киім бөлмесі бар

Қордай ауданына қарасты Қақпатас ауылдық округінде жаңа мәдениет үйі ашылып, пайдалануға берілді. Оның ашылу шарасына аудан әкімі Бегзат Болатбеков қатысып, тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Сондай-ақ, салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков, мәслихат депуттары мен ауыл тұрғындары қатысты. 
Екі қабатты ғимаратта 180 орындық концерттік зал, киім бөлмесі бар. Сонымен қатар қызметтік кабинеттермен, үйірме және оқытушы бөлмелерімен жарақталған.
«Құрметті Қақпатас ауылының тұрғындары! Бүгін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қақпатас ауылында бой көтерген 180 орындық жаңа мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсіміне куә болып отырмыз.
Бұл – тек бір ғимараттың ашылуы емес, бұл – ауылдың жаңа тынысы, ауыл өмірінің жаңа белесі, Қақпатас ауылының мәдени-рухани даму жолындағы маңызды қадам. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:
«Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз», – деп атап өткен болатын.
Қақпатас ауылдық мәдениет үйі – Мемлекет басшысының мәдениет саласын дамыту, мәдени нысандарды жаңғырту, жаңа мәдени ошақтарды ашу бағытындағы тапсырмаларының жүзеге асуының жарқын көрінісі деп білемін»,-деді аудан басшысы ашылу салтанатында.
Сондай-ақ, Бегзат Сейсенқұлұлы тұрғындарға шығармашылықпен айналысу, мәдени шараларға қатысу қажеттігін айтып, бұл жұмыстардың елдің дамуына зор үлес қосатынын атап өтті.
Келесі кезекте құттықтау сөз айту ауыл ақсақалына ұсынылды.
«Бұл нысан біздің ауылымыздың мәдени өмірінің өркендеуіне, шығармашылықтың дамуына және тұрғындарымыздың мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға үлкен үлес қосатынына сенімдімін. 
Енді бізде жастарымыздың дарындарын ашу, мәдени шараларды өткізу және тұрғындар арасындағы байланыстарды нығайту үшін тамаша мүмкіндік пайда болды»,-деді ауыл ақсақалы Мұхитжан Досжанов. 
Лента қию сәтінен кейін, аудан басшысы жаңа мәдени нысанды аралап, оның көптеген мүмкіндіктерімен танысты. Ендігі, кезекте ауыл тұрғындарымен бірге, аудан өнерпаздарының концертін тамашалады. 
Айта кетейік, Қақпатас ауылдық округінің халық саны –  3 мыңнан астам тұрғынды құрайды.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар