Интернеттегі қауіп: өз ақшаңды қалай сақтап қалуға болады?
- авторБақытжан Бекболат
- 24 қараша, 2025
- 293
Қауіптің күрделене түскені соншалық — өз-өзіне сенімді, технологияны жақсы білетін адамдардың өзі кейде алаяқтардың құрбанына айналып жатады.
Jambylinfo.kz тілшісі осы тақырыпты тереңірек зерттеу үшін Жамбыл облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Мұхаммед Қошмағанбетовпен сұхбаттасып, алаяқтықтың жаңа түрлері, одан қорғанудың қарапайым әрі сенімді жолдары, сондай-ақ ақша жоғалтқан жағдайда не істеу керектігі туралы сұрап білдік.
- Бүгінде интернет-алаяқтықтың құрбаны болғандардың саны артып барады. Әсіресе мобильді банкинг пен онлайн-сервистер кең таралған сайын, жаңа қауіп түрлері пайда болып жатыр. Осы тақырыпқа тереңірек тоқталсақ. Адамдар ең алдымен нені білуі керек?
- Ең бастысы — цифрлық гигиена. Көп адам фишинг хаттарының немесе жалған сайттардың құрбаны болады. Алаяқтар адамның эмоциясын басқара отырып, «шот бұғатталды», «сатып алу расталды» деген сияқты қауіпті хабарламалар жібереді. Адам сасып, сілтемені басып, мәліметін өзі береді. Сол себепті кез келген күмәнді хабарламаға бірден сенбеу керек.
- Алаяқтар ең жиі қолданатын айла-тәсілдер қандай?
- Біріншісі — фишинг. Хат немесе SMS арқылы жалған сілтеме жібереді. Екіншісі — телефон қоңырауы. Олар «банк қызметкеріміз» деп танысып, карта нөміріңізді, SMS-кодты сұрайды. Үшіншісі — әлеуметтік желідегі жалған аккаунттар мен инвестициялық ұсыныстар. «Жылдам табыс», «тәуекелсіз пайда» дегеннің бәрі — өтірік.
- Қарапайым қолданушы өзін қалай қорғай алады?
- Бірнеше өте қарапайым, бірақ тиімді ереже бар.
Біріншіден, банк қызметкерлері сізге хабарласып ешқашан SMS-кодты немесе паролді сұрамайды — мұны есте сақтау керек.
Екіншіден, интернет-банкингке тек ресми қосымша немесе сайт арқылы кіріңіз.
Үшіншіден, әр сервиске бөлек күрделі пароль қойыңыз. «123456» немесе туған күн сияқты парольдер алаяқтарға үлкен жеңілдік береді.
Төртіншіден, екі факторлы аутентификацияны міндетті түрде қосқан жөн.
Бесіншіден, заманауи мобильді операциялық жүйелерде зиянды бағдарламалардан қорғауға арналған кіріктірілген құралдар бар. Алайда, тыңшылық бағдарламалардан қорғану үшін қосымша антивирус орнату артық етпейді. Бұл әсіресе ашық жүйелі Android құрылғылары үшін өзекті.
- Ал егер адам алданып қалса, не істеуі керек?
- Бірден банкке хабарласу керек. Егер қаражат әлі жіберілмеген болса, транзакцияны тоқтатып үлгеруге болады. Сондай-ақ полицияға арыз беріп, бар дәлелдерді — скриншот, хат, аудио — сақтап қойған жөн. Көпшілік ойлайтындай, «ештеңе шықпайды» деп әрекетсіз қалу — үлкен қателік. Алаяқтық істер қазір жақсы зерттеледі.
- Қазір жастар да, үлкендер де онлайн төлемдерді көп қолданады. Қандай әлеуметтік топ жиірек алданып қалады?
- Тәжірибемде екі топ жиі кездесті. Біріншісі — технологияға сенгіш, әлі тәжірибесі аз жастар. Екіншісі — цифрлық ортада өзін сенімсіз сезінетін үлкендер. Бірақ шын мәнінде, алаяқтар психолог сияқты жұмыс істейді — кез келген адамның әлсіз тұсын таба алады. Сондықтан «мені алдай алмайды» деу — ең қауіпті ой.
- Қорытынды ретінде, интернеттегі ақша қауіпсіздігі туралы қысқаша кеңес берсеңіз.
- Қарапайым қағида: ешкімге жеке мәлімет бермеу, күмәнді сілтемені ашпау, эмоциямен шешім қабылдамау. Егер хабарлама шын болса — оны ресми қосымша немесе банк нөмірі арқылы тексеруге болады. Қауіпсіздік — бұл техникалық құралдар ғана емес, адамның өз әрекетінің сауаттылығы.
- Сұхбатыңыз үшін рахмет!





