жұма, 5 желтоқсан, 2025 13:13

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Заң және тәртіп»: Шудағы қарасора алқабын жою жұмыстары

«Заң және тәртіп»: Шудағы қарасора алқабын жою жұмыстары
Фото: Jambylinfo.kz
Өңіріміз соңғы жылдары қарқынды дамып, экономикалық өсім мен әлеуметтік жаңғырудың аймағына айналып келеді.

Жаңа өндіріс орындары ашылып, инфрақұрылым жаңарып, ауылдарда халыққа қажетті нысандар бой көтеруде. Алайда қоғамның тыныштығына қауіп төндіретін көлеңкелі құбылыстар да қатар жүретіні жасырын емес. 

Соның ішіндегі ең өзектісі – есірткі бизнесі мен нашақорлық. Бұл тек жеке адамның трагедиясы емес, тұтас қоғамның, ұлттың болашағына әсер ететін, психологиялық және рухани саулығына қатер төндіретін әлеуметтік індет.

Бүгінде есірткі мәселесі тек қылмыстық оқиға немесе медициналық проблема шеңберімен шектелмейді. Ол – ұлттық қауіпсіздікке, жастардың дамуына және қоғамның рухани тұрақтылығына төнген қатер. Әлемде есірткі нарығы жыл санап өсіп, жаңа синтетикалық түрлерінің таралуы жағдайды күрделендіруде. 

Біріккен Ұлттар Ұйымының нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес басқармасының мәліметінше, әлемде 36 миллионнан астам адам есірткіге тәуелді, олардың төрттен бірі – жастар, ал есірткі қолданушылардың жасы жыл сайын төмендеп барады. Сол себепті есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігіне айналды.

Дәл осы бағытта жүргізілген жүйелі жұмыстардың бірі ретінде «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасын атап өтуге болады. Бес айға созылған бұл шараның қортындысы туралы Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді былай деп баяндады.

«Жамбыл облысында 1 маусым мен 31 қазан аралығында «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Аталған кезеңде 272 есірткі қылмысы анықталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 69 дерекке артық. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 8 тонна 587 килограмм түрлі есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде 4 тонна 179 кг кептірілген марихуана, 4 тонна 248 кг каннабис өсімдігі, 29 кг гашиш және 9 килограмнан астам синтетикалық заттар бар. Жыл басынан бері Шу өңірінен еліміздің басқа аймақтарына есірткі тасымалдаудың 16 арнасының жолы кесілді. Операция нәтижесінде 485 килограмнан астам марихуана мен 129 кг гашиш тәркіленіп, 18 адам ұсталды. Полиция департаментімен синтетикалық есірткінің таралуының алдын алуға ерекше назар аударылады. Жедел-профилактикалық іс-шара басталғалы бері 8 адам ұсталып, заңсыз айналымнан 9 келіден астам синтетикалық есірткі заты алынды», - деді ол. 

Полиция департаменті синтетикалық есірткінің таралуына ерекше назар аударып, жедел іс-шара барысында 8 адам ұсталып, заңсыз айналымнан 9 килограмнан астам синтетикалық заттар алынған.

Сонымен қатар синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхана ұйымдастырған Ресей Федерациясының екі азаматы анықталып, олардың зертханасынан 8 килограмнан астам мефедрон, 2 тоннадан астам прекурсорлар мен арнайы жабдықтар тәркіленді. Бұдан бөлек, трамадол есірткі препаратының заңсыз саудасымен айналысқан алты адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.

Жедел іс-шара барысында 6 417 гектар алқапта өскен 3 919 тонна жабайы қарасора шабылып, жойылды.

Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есеге көп. Мамандардың айтуынша, мұндай ауқымды жою жұмыстарының арқасында облыста есірткіге тәуелділіктің алдын алу және жастарды қорғау бағытында нақты қадамдар жасалып отыр. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес Полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында, ал алдағы уақытта профилактикалық іс-шаралар мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілетін болады.

Жамбыл облысындағы бұл операция – қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам болып, есірткінің таралуына қарсы күрестің тиімділігін айқын көрсетті. Мемлекет пен құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысы арқылы өңірде заңсыз есірткі айналымының жолы бұғатталып, тұрғындардың құқықтары мен қауіпсіздігі қорғалып отыр.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар