Таласта үш жел электр стансасы жұмыс істеп тұр
- авторСадуақас Айсұлу
- 3 желтоқсан, 2025
- 382
Бүгінгі күні Талас ауданында табиғат – көзінен «жасыл энергия» өндіру жұмыстары талапқа сай жүргізіліп келеді. Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаровтың айтуынша, ауданда 13,5 мегаватты құрайтын үш жел электр стансасы жұмыс істеп тұр.
– Президентіміз өз Жолдауында «Жасыл экономика» – экологияны басымдыққа ала отырып, жер, су сол сияқты табиғи ресурстарды тиімді пайдалануды тапсырды. Бұл мақсатта елімізде 2014 жылы «Жасыл экономика» туралы Заң жобасы қабылданды. Құжатта табиғи ресурстарды орнымен қолдана отырып, инфрақұрылымды дамыту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, одан бөлек әлем елдерін алаңдатып отырған өзге де мәселелерді шешеу қарастырылған. Бізге бұрыннан таныс дәстүрлі экономикаөндірістік қалдықтарды қайта өңдеу болса, жасыл экономиканың ерекшелігі – баламалы қуат көздерін табиғи ресурстардың көмегімен өндіру. Бұл әдіс өз кезегінде мемлекеттің әлеуетін арттыруға серпін береді. Атап айтсақ, Қызыләуіт ауылдық округіне қарасты жер аумағынан 2019 жылы «WindPowerCity» және «WindElectroCity» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері желден энергия көзін өндіретін құрылғыларды орнатып, жұмыс бастады. Бүгінде әр серіктестік 3 қондырғы арқылы жалпы қуаты 4,5 мегаватт болатын электр энергиясын өндіруде, – дейді ол.
Нақтылы кезеңде осы аумақта 2022 жылы құны 5487 миллион теңгені құрайтын 3 жоба жоспарланып, жүзеге асырылды. Әр жобаның құны 1829,1 миллион теңгеге айналды. Осылайша «Жасыл энкономика» бағдарламасы аясында іске қосылған «Новатекс», «Шеңгелді», «Шеңгелді-2» ЖШС-і өз жұмыстарын тиісті деңгейде атқарып келеді. Әр кәсіпорын сағатына 4,5 мегавтт электр қуатын өндіруге қауқарлы. Қазір 5 кәсіпорында 21 адам қызмет атқаруда.
– Бүгінде әлемнің көптеген елдері «жасыл экономиканы» таңдайды. Өйткені балама қуат көздерін пайдалану арқылы энергияны үнемдеу күн тәртібіндегі басты мәселеге айналған. Өз кезегінде балама қуат көзідербес экономиканы қалыптастырады. Желдер электр энергиясын өндіретін 5 кәсіпорын аудан бюджетіне 30-50 миллион теңге көлемінде салық төлеп отыр. Жел электр стансалары Көктал ауылының маңында орналасқандықтан онда жергілікті тұрғындар да жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындардың арқасында 9 миллиард теңгенің инвестициясы тартылды. Одан бөлек өнеркәсіптің дамуына да зор үлес қосып отыр, – дейді бөлім басшысы.




