Жаңа оқу жылы: Жамбылдағы мектептердің дайындығы қандай
- авторБақытжан Бекболат
- 28 тамыз, 2025
- 550
Жамбыл облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстағы мектептердің 2025-2026 оқу жылына дайындығы жайында баяндады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оның айтуынша, жаңа оқу жылы қарсаңында өңірдегі барлық 520 мектеп (оның ішінде 4 мектеп-балабақша және 8 мектеп-интернат) толық тексерістен өткен. Мониторинг барысында мектептердің жөндеу жұмыстары, сумен және жылумен қамтылуы, сондай-ақ балалардың тамақтану сапасы ерекше назарға алынған.
Апатты және үш ауысымды мектептер бар
Бүгінде облыста 2 апатты мектеп анықталған. Шу ауданындағы Ғ. Мұратбаев атындағы орта мектепте жаңа корпус салынуда. Ал Мойынқұм ауданындағы Амангелді атындағы мектеп оқушылары әзірге ауыл әкімшілігінің ғимаратында уақытша оқиды.
Сондай-ақ, Қордай ауданындағы Пушкин атындағы №7 мектеп үш ауысыммен жұмыс істеп отыр. Бұл мәселені шешу үшін Қарасу ауылында 300 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде.
Жыл соңына дейін облыста 19 білім беру нысанының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, 12 мектепке күрделі жөндеу жасалуда. Оның алтауы бойынша жұмыстар аяқталған, қалғандары қыркүйекке дейін толық бітуі тиіс.
Департамент басшысының айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап мектептерде тамақтанудың жаңа стандарты қолданысқа енеді. Бұл стандарт тұз, қант және майды азайтып, көкөністер мен жемістерді көбірек тұтынуға бағытталған. ЮНИСЕФ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп әзірленген үлгілік мәзір Жамбыл облысының мектептерінде енгізілмек.
Жыл басынан бері тұрғындар арасында санитариялық талаптарды сақтау және балалардың денсаулығын қорғау бойынша 60-тан астам семинар, 11 дөңгелек үстел, 15 акция өткізілген. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде 395-тен астам материал жарияланған.
Жиын соңында департамент басшысы: «Жаңа оқу жылы қарсаңында барлық мектептерде санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету біздің тұрақты бақылауымызда», – деп атап өтті.






