жұма, 5 желтоқсан, 2025 18:57

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жуалыда «Шерағаның шекпенінен шыққандар» атты республикалық әдеби кеш өтті

Жуалыда «Шерағаның шекпенінен шыққандар» атты республикалық әдеби кеш өтті
Фото - ашық дереккөз
Қалам ұстаған қайраткерлер жазушының мұралары мен тарихи суреттерімен танысты

28 қыркүйек – Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туған күніне орай облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен «Шерағаның шекпенінен шыққандар» республикалық әдеби кеш қайраткердің туған ауылы Талаптыда ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

 

Алды Астана, Алматыдан жазушының әр жылдары сағынып жүретін Мыңбұлаққа асыққан, Шерағаның тәлімін алған, бүгінде қазақ әдебиеті мен журналистикасында тұлғалық жолдарын қалыптастырған зиялы қауым алдымен облыс орталығындағы Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің а лдындағы жазушының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

 

Бұдан соң әдеби кеш Шерхан Мұртазаның мемориалдық үйінде жалғасып, қалам ұстаған қайраткерлер жазушының мұралары мен тарихи суреттерімен танысты.

 

Әдеби мазмұнда өрбіген жиынды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы жүргізіп отырды.

 

Алдымен сөз алған облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын оқып берді.

 

«Бұл әдеби кешті біз көптен бері жоспарлап, биылғы жылы Шерағаның туған күніне орай өткізуді жөн көрдік. Алдағы уақытта да бұл бастаманы дәстүрге айналдырып, ұлы жазушының туған күнінде, Мыңбұлақтың төрінде жыл сайын өткізуге ниеттіміз. Шерхан Мұртаза – қазақ журналистикасы мен әдебиетінің ғана емес, ұлт санасының жаңғыруына сүбелі үлес қосқан үлкен тұлға. Ол кісі шын мәнінде шындықтың шырақшысы болды.

Халықтың жоғын жоқтап, ұлттың сөзін сөйлеп, ұрпаққа өнеге боларлық мұра қалдырды. Сондықтан да қарымды қаламгердің даңқын асырып, ұрпақтарға дәріптеп, рухани мұраларын насихаттау біздің басты парызымыз. Әдеби кешімізге арнайы шақыртуды қабыл алып, еліміздің әр аймағынан келген, яғни Шерағаның шекпенінен шыққан қаламгерлерге және қызы Алма Мұртазаға зор алғысымды білдіремін. Сондайақ биылғы жылғы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Шерағаның шекпенінен шыққан» қаламгерлердің Шерхан ағамыз туралы тағылымы мол естеліктерін жинақтап, қалың оқырманға арнап арнайы жеке кітап етіп шығардық. Бұл әдеби еңбек – Шерағаның тұлғасын тануға, ұрпақпен қауыштыруға арналған үлкен рухани қадам деп білеміз» делінген аймақ басшысының құттықтауында.

 

 Ал басқарма басшысы Ерлан Нұрманұлы облыс әкімінің атынан Шерағаның ізін жалғаған қаламгерлерге шекпен жауып, құрмет көрсетіп, «Шерағаның шекпенінен шыққандар» атты жаңа кітапты табыстады.

Кеш барысында Шерағаның өзі айтпақшы, жазушылық пен журналистиканы қос қанатындай серік еткен шәкірттері – жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кәдірбек Сегізбайұлы, журналист, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанат Елшібек, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының лауреаты Әмірхан Меңдеке, жазушы, публицист, журналист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауре аты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мағира Қожахметова, ақын, жазушы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, журналист, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, Ақпарат саласының үздігі, Журналистер және халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтардың иегері Гүлзейнеп Сәдірқызы, публицист-жазушы Талғат Айтбайұлы, жазушы, журналист, «Жалын» журналының Бас редакторы Құдияр Біләл, журналист, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Нұрғали Ораз тағылымды естеліктерімен бөлісіп, өз шығармашылықтарынан жарық көрген кітаптарын орталыққа сыйлады.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар