Ақын Шаяхмет Құсайынұлының 75 жылдығына арналған әдеби кеш өтті
- авторБақытжан Бекболат
- 30 қыркүйек, 2025
- 512
Таразда ҚР Жазушылар мен Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Дінмұхамед Қонаев атындағы орден иегері Шаяхмет Құсайынұлының 75 жас мерейтойына орай «Поэзия әлеміндегі сара жол» атты әдеби кеш өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шара Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында ұйымдастырылып, оқырман қауымға ақынның шығармашылығы мен өмір жолын кеңінен таныстырылды.
Әдеби кешке Шаяхмет Құсайынұлының замандасы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Меңдібай Әбілұлы, айтыскер-ақын, «Aq Jol» облыстық газетінің аға тілшісі Есет Досалы, сондай-ақ «Шер» прозашылар клубының мүшелері – ақын әрі журналист Қамар Қарасаева және Ә.Бөкейхан атындағы №1 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерлан Нұрланов қатысты. Олар мерейтой иесінің шығармашылық ерекшелігі мен әдебиеттегі өзіндік қолтаңбасы жөнінде пікір білдіріп, жылы естеліктерімен бөлісті.
Кеш барысында Шаяхмет Құсайынұлының сөзіне жазылған «Алғашқы махаббатым» әні шырқалып, ақын жырларынан үзінділер оқылды. Қазақтың қара өлеңінің құдіретін дәріптеген әсерлі кеш оқырмандарға рухани серпіліс сыйлап, поэзияның мәңгілік құндылықтарын тағы бір мәрте айшықтап берді.





