Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде Қазақстанда спорт күні аталып өтеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Осы айтулы мерекеге орай Жуалы ауданында салтанатты жиын өтіп, спорт саласының мамандары, жаттықтырушылар мен спорт жанашырлары бас қосты.
Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, қоғамдағы жалпы мәдениеттің, тәрбие мен адамгершілік құндылықтардың да бір бөлігі. Сондықтан Жуалы ауданында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Соңғы жылдары ауданда спорттық инфрақұрылым жақсарып, ауылдық жерлерде шағын футбол алаңдары салынып, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жұмысы жандана түсті. Жуалылық спортшылардың облыстық, республикалық жарыстарда жеткен жетістіктері аудан абыройын асқақтатып келеді.
Салтанатты жиынды аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Айдос Асабаев ашып, спорт саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Шараға аудандық мәслихаттың төрағасы Зиятхан Бүрлібаев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов қатысты.
Жиын барысында аудан спортының дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетіліп, Алғыс хаттар табыс етілді.
Жиын соңында аудан басшылығы спортшыларға жаңа жетістіктер мен жеңістер тілеп, алдағы уақытта спорт саласын дамытуға қолдау жалғасатынын атап өтті.






