Жуырда Сортөбе ауылында жаңа емхана пайдалануға беріледі
- авторБақытжан Бекболат
- 31 шілде, 2025
- 488
Сортөбе ауылында 200 келушіге арналған жаңа емхана құрылысы аяқталып, пайдалануға беруге дайын тұр. Нысан «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынды. Бұл жоба – шалғай ауылдардағы инфрақұрылымды дамыту мен халыққа сапалы қызмет көрсету мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың бірі.
Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың 5 қыркүйегінде басталды. Жалпы сомасы 2,6 млрд теңге қаражат бөлінген. Жобаның тапсырыс берушісі – облыстық құрылыс басқармасы.
Емхана ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған бөлмелер, қабылдау, егу, емшара, зертхана, ана мен бала кабинеттері және күндізгі стационар қарастырылған. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалған – пандустар мен арнайы санитарлық тораптар бар.
Нысан медициналық құрал-жабдықпен жабдықталып, штат бірлігіне сай мамандармен қамтылады деп жоспарланған. Жергілікті тұрғындар үшін бұл емхана қолжетімді және сапалы қызмет көрсетудің жаңа мүмкіндігін ашады.
Қордай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Айдын Байбеков:
— Бүгінде Сортөбе ауылында 26 мыңға жуық тұрғын тұрады. Жаңа емхана күніне 200 келушіге қызмет көрсетуге бейімделген. Бұл көрсеткіш бастапқы медициналық-санитарлық көмекті тиімді ұйымдастыруға жеткілікті. Ғимарат типтік жоба негізінде салынған. Барлық қажетті инфрақұрылым қарастырылып, медициналық қызмет сапасы артады деп күтілуде, — деді.
Қазіргі таңда ғимарат толық дайын. Құжаттандыру және ішкі рәсімдер аяқталған соң, халыққа қызмет көрсете бастайды.






