сәрсенбі, 17 желтоқсан, 2025 20:54

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қанат Бозымбаев Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту бойынша отырыс өткізді

Қанат Бозымбаев Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту бойынша отырыс өткізді
Фото: Үкімет
Қанат Бозымбаев ұлттық жобаның іске асырылуын бақылап, отандық тауарлар мен әлеуметтік шараларды күшейту тапсырмаларын берді.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыруға арналған жобалық кеңсенің отырысын өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Биыл жалпы құны 31,6 млрд теңге болатын жобалар топтамасы іске асырылу сатысында. Ұлттық жобаның қаржылық тұрақтылығы мен ауқымын кеңейту үшін қаражат тартудың әртараптандырылған стратегиясы әзірленді.

Әкімдіктердің облигацияларын сатып алу арқылы «ҚТК» АҚ 29,2 млрд теңге бөлді, бірқатар өңірде 15 пилоттық жоба іске қосылды. Сонымен қатар даму институттары мен екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыру жолдары пысықталып, нарықтық қарыз тарту көзделіп отыр.

Энергетикалық және коммуналдық ресурстарды есепке алу мен мониторингтің заманауи жүйелерін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыт 170 табиғи монополия субъектісін қамтиды және 2026–2029 жылдарға жоспарланған. Осы кезеңде шамамен 8 млн есептеу құралы орнатылып, жаңартылмақ. Салалық министрліктерге жыл соңына дейін коммуналдық қызметтерге арналған есептеу құралдарының стандарттарын бекіту тапсырылды.

Вице-премьер ұлттық жоба аясында отандық тауарлар мен қызметтерді қолдануды ынталандыру және EPC-мердігерлердің дайындығы жөніндегі есептерді тыңдады. Қазіргі таңда МЭКС сатып алу платформасында 70-ке жуық әлеуетті жеткізуші тіркелген. 2026 жылға арналған кәсіпорындардың қажеттілігі талданып, әлеуетті жеткізушілер тізімі жасалды. Бұл тізім жалпы құны 439 млрд теңгеден асатын 11 мыңнан астам тауар позициясын қамтиды.

Қанат Бозымбаев Көлік министрлігі мен Қаржы министрлігіне отандық тауар өндірушілер сервисін ұлттық жобаның meks.zakup.sk.kz электронды сатып алу платформасымен ықпалдастыруды тапсырды. Сондай-ақ салалық ведомстволарға барлық EPC-мердігерлер мен әлеуетті жеткізушілердің платформаларда тіркелуін, сондай-ақ ұлттық жобаға қажетті тауар позициялары бойынша ОТП тізілімінің толықтырылуын қамтамасыз ету жүктелді.

Вице-премьер әлеуметтік бағытқа да ерекше назар аударып, әкімдіктерге тұрғын үй көмегін көрсету тетіктерін халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тұрғын үй көмегін алу үдерісін толық автоматтандырып, проактивті форматта көрсету үшін өз ақпараттық жүйелерін бірыңғай есеп айырысу орталықтарының дерекқорымен интеграциялауды жүзеге асырады

 

 

 

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар