CNN Трамптың Мәскеуді бомбалау туралы айтқан аудиожазбасын жариялады
- авторАрайлы Жақсылық
- 9 шілде, 2025
- 2.5k
Бұл жазбалар Трамптың сайлауалды науқаны аясында өткізілген демеушілермен кездесулерінде Нью-Йорк пен Флоридада 2024 жылы жазылған. Ол кезде Трамп президенттік қызметте болмаған.
Аудиожазбада Трамп Ресей президентін Украинаға шабуыл жасамауға қалай көндіруге тырысқанын баяндайды. Оның айтуынша, ол Кремльге әскери жауап қататынын ашық ескерткен.
«Мен Путинге: "Егер сен Украинаға кіретін болсаң, Мәскеуді жайпап жіберемін. Менің басқа амалым жоқ!" — дедім. Ал Путин: "Сенің олай істеуің мүмкін емес", — деді. Мен болсам: "Мүмкін", — деп жауап бердім», — дейді Трамп жазбада.
CNN мәліметінше, бұл Дональд Трамптың даусымен тіркелген осындай сипаттағы алғашқы дәлел. Бұған дейін мұндай ақпаратты The Washington Post басылымы таратқан болатын, алайда баспасөзде нақты аудиожазба болмаған еді.
Сондай-ақ, осы кездесулерде Трамп сыртқы саясат мәселелері мен өзінің сайлауалды кампаниясына қаржылай қолдау жайын да талқылаған. Бұл жазбалар жарияланып кеткенімен, Трамптың өзі әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.





