жұма, 5 желтоқсан, 2025 14:26

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Президент тапсырмасы: Курортты өңірлердің жай-күйі бағаланды

Президент тапсырмасы: Курортты өңірлердің жай-күйі бағаланды
ҚР Туризм және спорт министрлігі
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкіметтік делегация құрамында еліміздің курортты өңірлерін аралап шықты.

Делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев бастап барды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Сапардың мақсаты – курорттық аймақтардың қазіргі ахуалын бағалап, өзекті мәселелерді анықтау және туристік жобалардың жүзеге асырылуын бақылау.

Алғашқы күні делегация Қонаев қаласындағы курортты аймақтарды аралап көрді. Тексеру барысында қоғамдық және жеке жағажайлардың бір бөлігінде санитарлық-гигиеналық жағдайлардың сақталмауы, душ кабиналары мен қоқыс жәшіктерінің жетіспеуі, құтқару мұнаралары мен ақпараттық белгілердің болмауы сияқты мәселелер анықталды. Кейбір жерлерде су көліктерінің қозғалысы реттелмеген, ал қауіпсіздік талаптары сақталмай отыр. Мұндай жағдайлардың негізгі себептерінің бірі – сапа стандарттарын енгізуге ынталандыру жүйесінің әлсіздігі.

Қазіргі уақытта еліміздегі қонақүйлердің тек 5,7%-ы ғана ресми жұлдызды санатқа ие. Қызмет көрсету сапасы да бүгінгі туристердің сұранысына толық сәйкес келмейді. Бұл мәселелер Мәжілісте қаралып жатқан «Туристік қызмет туралы» Заңға өзгерістер енгізу арқылы шешілмек. Жаңа түзетулер министрліктің туристік қызмет сапасын арттыру және инфрақұрылымды дамыту бойынша өкілеттіктерін кеңейтуді көздейді.

Сапар барысында экологиялық мәселелер де қаралды. Балқаш көлінде су деңгейі тұрақты болғанымен, Алакөлде жиі өзгеріп тұрады, бұл жағалау сызығының ауытқуына және инфрақұрылымды қайта орналастыру қажеттігіне әкелуде. Ермек Көшербаев жаңа нысандарды салу кезінде табиғи ерекшеліктерді ескеріп, ғылыми және инженерлік сүйемелдеудің маңызды екенін атап өтті.

– Қазіргі мәселелерді шешумен қатар, елдегі туризм саласында жүйелі тәртіп орнатып, азаматтардың күткен деңгейіне сай жағдай жасауымыз қажет. Қапшағай, Алакөл, Балқаш сияқты өңірлерде құрылыс жүргізгенде жағалау сызығының өзгерісін ескеріп, қорғалатын аумақтарды белгілеп, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Бұл міндет жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігінде, – деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Қазіргі қиындықтарға қарамастан, өңірде келешегі бар бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Қонаев қаласындағы Қапшағай су қоймасының жағалауында халықаралық деңгейдегі курорттық-ойын-сауық жағажайы және ASP Arena туристік-спорттық кешенін салу жоспарланған. 7,1 гектар аумақтағы жобада қонақүй, аквапарк, аттракциондар паркі, SPA кешені және басқа да нысандар болады. Құрылыс 2025-2027 жылдары жүзеге асырылып, 350-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Сонымен қатар салада шешуді қажет ететін мәселелер де жеткілікті. Бұл стандарттарды қатаңдату, жергілікті деңгейде қызметтердің үйлесімділігін арттыру және бақылауды күшейту қажеттігін көрсетіп отыр. Туристердің экологиялық мәдениетін көтеру де маңызды міндет болып қала бермек. Бұл бағыт «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының аясында жүзеге асырылатын болады.

Сапар қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға жағажай аймақтарын стандарттарға сәйкестендіру және анықталған заң бұзушылықтарды жою бойынша нақты тапсырмалар берілді. Атқарылған жұмыстар кейін қайта тексеріледі.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар