жұма, 5 желтоқсан, 2025 19:43

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

2026 жылы қазақстандықтар қалай демалады

2026 жылы қазақстандықтар қалай демалады
istockphoto.com
2026 жылы қазақстандықтар бес күндік жұмыс аптасында барлығы 118 күн демалады

Ең көп демалыс күндері наурыз бен мамыр айларына тиесілі – әрқайсысында 13 күннен. Ал ең аз демалыс ақпан, сәуір, маусым және қыркүйек айларында болады – сегіз күннен ғана, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жыл дәстүр бойынша демалыспен басталады: 1-інен 4 қаңтарға дейін төрт күн қатарынан тынығамыз. Бұдан кейін 7 қаңтарда православиелік Рождество атап өтіледі, ол да ресми демалыс күні болады.

Келесі ұзақ демалыс наурыз айында күтіп тұр. 2026 жылы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні жексенбіге сәйкес келгендіктен, 9 наурыз, дүйсенбі де демалыс болады. Наурыз мерекесі сенбі күні басталатындықтан, келесі аптада екі қосымша демалыс беріледі. Осылайша, 21-інен 25 наурызға дейін бес күн қатарынан демаламыз.

Сәуір айында тек сенбі мен жексенбі күндері ғана демалыс болады. Ал мамыр айы әдеттегідей мерекелерге толы. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні жұмаға түсіп тұр, яғни 1–3 мамыр аралығында үш күн демаламыз. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні бейсенбіге келеді. Ал 9 мамыр – Жеңіс күні сенбіге түсетіндіктен, қазақстандықтар қосымша бір күн демалады – бұл не 8 мамыр (жұма), не 11 мамыр (дүйсенбі) болуы мүмкін.

Маусым айында әзірге қосымша мереке туралы мәлімет жоқ. Егер Құрбан айт осы айда болса, тағы бір демалыс күні қосылады.

Жаздың екінші жартысында да демалыстар бар. 6 шілде – Астана күні дүйсенбіге түседі, сондықтан бұл күн ресми демалыс болады. Тамыздың соңында Конституция күні атап өтіледі: 30 тамыз жексенбіге түсетіндіктен, 31 тамыз, дүйсенбі де демалыс болып бекітіледі. Қыркүйекте қосымша демалыстар қарастырылмаған.

Күзде де бірнеше мереке бар. 25 қазан – Республика күні жексенбіге сәйкес келеді, сондықтан 26 қазан, дүйсенбі де демалыс болады. Қараша айында тек демалыс күндері – сенбі мен жексенбі ғана.

Жыл соңында, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні сәрсенбіге түседі, бұл күні де демаламыз. Ал 30 және 31 желтоқсан, яғни сәрсенбі мен бейсенбі – жұмыс күндері болады.

Осылайша, 2026 жылы ел тұрғындарын мерекеге, демалысқа толы жыл күтіп тұр.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар