eGov атын жамылып, алдайды: Алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды
- авторБақытжан Бекболат
- 9 сәуір, 2026
- 212
Құқық қорғау органдары азаматтарды алаяқтықтың жаңа түрінен сақ болуға шақырады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Polisia.kz мәліметінше, қаскөйлер мемлекеттік қызметтерге деген сенімді пайдаланып, тұрғындардың жеке деректерін заңсыз иемденуге тырысуда.
Аталған схема бойынша азаматтардың ұялы телефондарына ресми байланыс орталығының нөміріне ұқсас хабарламалар келеді. Онда әкімшілік айыппұл салынғаны туралы ақпарат беріліп, оны тексеру немесе төлеу үшін сілтеме ұсынылады. Алғаш қарағанда бұл сілтеме мемлекеттік порталға ұқсайды, алайда шын мәнінде — жалған сайт.
Алаяқтар арнайы интерфейс жасап, оны eGov порталына ұқсатып безендіреді. Ең қауіптісі — сайтқа кез келген көлік нөмірі немесе ЖСН енгізілген жағдайда да жүйе автоматты түрде «айыппұл бар» деген жалған нәтиже көрсетеді. Бұл — пайдаланушының сеніміне кіру үшін қолданылатын айла.
Одан әрі «төлеу» батырмасын басқан кезде, сайт банк картасының толық деректерін енгізуді талап етеді. Осы мәліметтер алаяқтардың қолына түскен сәтте, азаматтардың қаражаты заңсыз шешіліп алынуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, қате дерек енгізілгеннің өзінде «айыппұл бар» деген жауап шығуы — алаяқтықтың басты белгісі. Бұл әдіс адамдарды шатастырып, оларды тез арада «төлем жасауға» итермелеуге бағытталған.
Осыған байланысты азаматтарға күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке және банк деректерін бөгде сайттарға енгізбеу, белгісіз хабарламаларға сенбеу ұсынылады. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар SMS арқылы жеке мәліметтерді сұрамайтынын естен шығармаған жөн. Ресми айыппұлдарды тек сенімді платформалар арқылы тексеру қажет.
Полиция өкілдері қандай да бір күмәнді жағдай туындаса, бірден құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береді.






