жұма, 10 сәуір, 2026 1:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«SERPIN WAY 2.0» керуені Таразда қорытынды жиынын өткізді

«SERPIN WAY 2.0» керуені Таразда қорытынды жиынын өткізді
Алтынбек Қартабай
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті екінші жыл қатарынан еліміздің оңтүстік өңірлерін қамтитын «SERPIN WAY» бірегей ақпараттық-насихат жобасын жүзеге асыруда.

Жоба аясындағы ақпараттық топ бірер күн бұрын Жамбылға арнайы ат басын бұрып, Қордай, Т. Рысқұлов, Меркі аудандарында кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Сапардың финалдық кездесуі Тараз қаласындағы №69 мектепте ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

 Кездесулер барысында жобаның мақсаты мен мемлекеттік бағдарламаның артықшылықтары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Сондай-ақ университет өкілдері болашақ талапкерлерге оқу орны ұсынатын мүмкіндіктер мен мемлекеттік жеңілдіктер жайлы айтты.

Оқушылар мен ата-аналарға арналған шараға танымал блогер Бурахан Даханов қатысып, жастарға солтүстік өңірдің көбіне айтыла бермейтін танымдық қырларын баяндады.

Шығармашылық топтың дайындаған концерттік бағдарламасы, әзіл мен әнге толы қойылымдары түлектердің оқу орнына деген қызығушылығын арттыра түсті.

Биылғы «SERPIN WAY 2.0» керуені ауқымын кеңейтіп, сапар аясы жаңа кезеңге көтерілді. Жаңа бағыт 14 қала мен 16 ауылдық елді мекенді, аудан орталықтарын қамтып отыр.

Аталған керуен Петропавл қаласынан 31 наурыз күні сапарға шықты. 23 күнге созылатын экспедиция барысында университет оқытушылары, студенттер мен қызметкерлер, қоғам қайраткерлері және қалалық Мансап орталығының өкілдерінен құралған топ Қазақстан бойынша 6 мың шақырымнан астам жол жүріп өтеді. Керуен құрамы Қарағанды, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облыстарын аралап, жергілікті әкімшілік өкілдерімен, мектеп бітіруші түлектермен және олардың ата-аналарымен тікелей кездесулер өткізуде.

 «SERPIN WAY 2.0» керуен жобасының жетекшілерінің бірі, университеттің маркетинг бөлімінің басшысы Олжас Мұхтардың айтуынша, аталмыш жоба ректор Ербол Исақаевтың бастамасымен қолға алынып, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Керуен Жамбыл жеріне табан тірегенге дейін 9 өңірді аралап үлгерген. Енді Түркістан мен Қызылорда облыстарына бағыт түзеуді жоспарлауда.

 – Сапардың түпкі мақсаты – «Серпін» бағдарламасына жаңа серпіліс беру. Соңғы он жыл ішінде бұл бағдарлама мыңдаған жас қазақстандық үшін әлеуметтік мүмкіндіктер алаңына айналып, еңбек күші артық өңірлердің жастарына сапалы білім алып, кадр тапшылығы бар аймақтарда жұмыс табуға жол ашты. Бір айта кетерлігі, М.Қозыбаев университеті 2014 жылдан бастап «Серпін» бағдарламасын іске асыруға қатысып келеді. Осы жылдар ішінде 1 400-ден астам оңтүстіктен келген жастар оқу орнында білім алып, түлеп ұшты. Кездесу барысында сонымен қатар оңтүстік өңірдегі мектеп бітіруші түлектерге, ата-аналарға және кәсіптік бағдар беруші мамандарға М.Қозыбаев университетінің мүмкіндіктерін таныстырып жүрміз. Ең басты артықшылығымыздың бірі ретінде АҚШ-тың Аризона университетімен бірлескен қос дипломды бағдарламаны тілге тиек ете аламыз. Сонымен қатар, «Серпін» бағдарламасының гранттары туралы ақпаратты кеңінен жеткізгіміз келеді. Бұл бағдарлама оңтүстік жастарына төменірек шекті баллмен грантқа түсуге, шәкіртақы алып, тегін білім алуға зор мүмкіндік береді. Өткен жылы осы бағдарламамен бізге оңтүстіктен 130-ға жуық студент оқуға қабылданды. Ең бастысы студенттерімізге жайлы жағдай жасауды бірінші орынға қоямыз. Университетте төрт студенттер үйі бар, оның ішінде Қазақстан бойынша ең үлкен саналатын 1 200 орындық жатақханамыз бар. Оқуға түскен балаларды 4 жыл бойы жатақханамен толық қамтамасыз ете аламыз, қазірдің өзінде 600-ге жуық бос орын дайын тұр. Оқу бітіргеннен кейінгі жұмыс мәселесі де назардан тыс қалмайды. Жалпы мемлекеттік гранттарда үш жылдық міндетті жұмыс өтеу мерзімі болса, «Серпін» бағдарламасы бойынша бұл мерзім екі жылға дейін қысқарған. Біздің университет мансап орталығы және көптеген ірі компаниялармен тығыз байланыста болғандықтан түлектеріміздің Солтүстік Қазақстан өңірінде жұмысқа орналасуыне қатысты еш қиындық туындамайды, – дейді Олжас Маратұлы.

 

 

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар