Жамбылда полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті баланың өмірін сақтап қалды
- авторБақытжан Бекболат
- 9 сәуір, 2026
- 73
Жамбыл облысының тұрғыны полиция қызметкерлеріне дер кезінде көрсеткен көмегі үшін шынайы алғысын білдірді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қаланың орталық көшелерінде қызмет атқарып жүрген патрульдік полиция қызметкерлері Ринат Серкебаев пен Еркеғали Абдикаримовке жолда асығыстық танытқан жүргізуші өтінішпен жүгінген. Белгілі болғандай, оның көлігінде көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен абайсызда құлап кеткен кішкентай бала болған.
Жағдайдың күрделілігін бірден түсінген тәртіп сақшылары уақыт жоғалтпай, шұғыл шешім қабылдайды. Олар ілесіп жүру қызметін ұйымдастырып, баланы ауруханаға мүмкіндігінше тез жеткізуге көмектескен. Қала көшелеріндегі көлік қозғалысының тығыздығына қарамастан, полиция қызметкерлері жол ашып, көліктің кедергісіз өтуін қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, бала ауруханаға дер кезінде жеткізілді.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастың уақытылы жеткізілуі оның өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарған.
-Осындай қиын сәтте бізге жедел көмек көрсеткен полиция қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Уақытты жоғалтпай, баламызды ауруханаға жеткізуге көмектесті. Олардың батыл әрі жедел әрекетінің арқасында ол аман қалды. Осындай азаматтар барда өзімізді қауіпсіз сезінеміз», – деп баланың ата-анасы полиция қызметкерлеріне ерекше ризашылықтарын жеткізді.
Айта кету керек, бұл – полиция қызметкерлерінің күнделікті қызметінің бір көрінісі ғана. Мәселен, өткен жылы да дәл осы патрульдік полиция қызметкерлері көшеде талмасы ұстап қалған баласына көмек сұраған тұрғынға дер кезінде жәрдемге келіп, баланы ауруханаға жеткізіп, оның өмірін сақтап қалған.
– Бұл – біздің қызметіміз. Әр тұрғынның өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз, – дейді полиция қызметкерлері.
Тәртіп сақшыларының жедел әрі кәсіби әрекеттері тағы бір адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.




