“Жуалы аруы – 2026” байқауының жеңімпазы анықталды
- авторМағжан Орынбасар
- 9 сәуір, 2026
- 658
Кештің ашылуына Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты облыстық “Жастар ресурстық орталығының” директоры Айбек Кадралиев пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Жанабаев қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Байқау қазақ қызының нәзіктігі, көркемдігі, әдептілігі мен білімділігін көрсетуге бағытталды. Қатысушылар сахнада өздерін жан-жақты танытып, өнері мен талғамын, сахна мәдениетін жоғары деңгейде көрсетті.
Сайыс бес кезеңнен тұрды: таныстыру кезеңі, ұлттық киім дефилесі, шығармашылық өнер көрсету, тапқырлық сайысы және кешкі көйлек дефилесі. Ұлттық киім дефилесінде қатысушылар өз ұлтының мәдениетін көрсетсе, шығармашылық кезеңде әркім өз талантымен көрермендерді тәнті етті.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Мейірхан Жанерке жеңіп алды. I орынды – Дәулетбай Еңлік, II орынды – Оразбаева Арайлым, III орынды – Ерланқызы Шынар иеленді. Сонымен қатар, барлық қатысушылар әртүрлі номинациялармен марапатталып, олардың еңбегі мен талпынысы ерекше бағаланды.
“Жуалы аруы – 2026” байқауы қазақ қызының сұлулығы мен парасатын айшықтап, ауданның мәдени өміріндегі есте қаларлық шараға айналды. Шара барысында қатысушылар мен көрермендер өз әсерлерімен бөлісіп, ауданның мәдениет саласына жаңа леп қосылғанын атап өтті.





