сейсенбі, 21 мамыр, 2024 1:00

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Көптеректегі игі іс

Көптеректегі игі іс
ашық дереккөзі
Көптеректегі игі іс
Қазақ халқында ертеден келе жатқан «Асар» деген әдемі дәстүр бар. Мұның мағынасы тереңде жатыр. Кез келген адамға көп болып, жұмыла көмектесу қай заманда да болған. Демек, бүгінде көрші-қолаңға немесе ауылдас ағайынға тегін көмек қолын созу ерсі емес. Керісінше, оның алып келер көл - көсір пайдасы бар. Асар адамдар арасындағы ауызбіршілік пен ұйымшылдықты берік етеді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында Жамбыл облысының «Рухани жаңғыру» жобалық офисі мен Байзақ аудандық әкімдігінің бастамасымен және ауылдағы азаматтардың қолдауымен «Асарлатып үй салу» жобасы жүзеге асырылуда. «Бірлік түбі – тірлік» деген тәмсілді берік ұстанған кеңестік тұрғындар елдімекендегі баспанаға мұқтаж бір отбасына үй салуды қолға алды. Бұл жобаны іске асыруға Көптерек ауылының ақсақалдар алқасы мұрындық болып, 1983 жылы туылған жастары қолдау көрсетіп іске асыруда. Үстіміздегі жылдың көктемінде мектеп бітіргендеріне жиырма жыл толуын атап өту мақсатында ақылдасқан жігіттер елдімекендегі аз қамтылған отбасының біріне баспана салып беру жөнінде уағдаласады. Сөйтіп, құрылыс жұмыстарын жаз мезгілінде қолға алмақ болып шешеді. Ауыл жастарының игі бастамасын ақсақалдар да қолдайды. Нәтижесінде елдімекендегі аз қамтылған отбасы, Б.Карбозов көшесі №70 үйінің тұрғыны Байұзақ Қосаевқа өз ауласынан жаңадан баспана тұрғызу жұмыстары қолға алынады. «Көп түкірсе – көл» - деген. Құрылысқа қажетті материалдар сатып алынып, жиырма жылдық түлектер баспананың іргетасын бастап та кетеді. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан құрдастардың бірі жаңа үйдің іргетасын, енді бірі топырақтан кірпішін құйып жатты. Жалпы аумағы 75 шаршы метрді құрайтын төрт бөлмелі тұрғын үйдің құрылысы күн өткен сайын жандана түседі. Игі бастамаға ауыл тұрғындары да қарап қалмай, белсене атсалысуда. Бүгінде асарлата салынып жатқан үйдің қабырғалары қаланып, төбесіндегі бөренелерді (балкалар) қойылып, ішкі сылақ жұмыстары жүргізілуде. – Бұл біздің құрдастар арасында ерте көктемнен ойға алынған шаруа болатын. Жаз мезгілі бәрімізге тиімді болғандықтан үйді көтеруді қолға алдық. Үй салудың оңай емес екені барлығымызға мәлім. Ол еселі еңбекті ғана емес, қыруар қаржыны да қажет етеді. Қазақтағы ерекше дәстүр асардың арқасында құрылыс қарқын алып жатыр. Жан-жақтағы құрдастар мен ағайын-туыс қолғабыс көрсетуде. Асар үй тұрғызуға ғана емес, көптен араласпай кеткен достармен кездесуге де мүмкіндік сыйлады. Олармен бір айдың ішінде тонның ішкі бауындай араласып кеттік, - дейді игі істің бастамасында жүрген ауыл азаматы Жансерік Аубакиров ағынан жарылып. «Аталмыш іске аудан әкімі де өз қолдауын білдіріп, аудан көлемінде үш топ құрған болатын. Топ мүшелері аптаның сенбі, жексенбі күндері ауылдық округтерге барып, салынып жатқан тұрғын үйлерге асарлату әдісімен көмектесуді қолға алды. Өткен аптада аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов бастаған, құрамында аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудан әкімдігі білім бөлімінің еріктілер тобы арнайы келіп, асарлатуға атсалысты. Елдімекендегі дүкен иелері, яғни жеке кәсіпкерлер бірлесе мал сойып, түскі асты ұйымдастырды», - дейді ауыл әкімі Болысбек Оразов. Мұндай қайырымдылық істің бастау алып, бір мұқтаж жанға қуаныш сыйлап жатқан ауыл тұрғындарына біз де риза пейілмен тілеулес болдық. Алла нәсіп етсе, Байұзақ аға да жаңа үйдің қоныс тойын тойлар. Кеңес ауылы жастарының игі істері өзге де елдімекендерге үлгі болып, қаймағы бұзылмаған деген теңеуі бар ауылдардың бірлік - берекесі кетпесін дейміз. Мұхтар Манекеев
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар