жұма, 5 желтоқсан, 2025 13:52

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Әлеуметтік желідегі агрессия: кибербуллингтен қалай сақтануға болады

Әлеуметтік желідегі агрессия: кибербуллингтен қалай сақтануға болады
istockphoto.com
Қазіргі қоғамда жасөспірімдер арасындағы буллинг пен кибербуллинг мәселесі барған сайын өткір сипат алып келеді.

Қорлау, қудалау, мазақ ету, физикалық қысым көрсету немесе интернет арқылы қауіп төндіру — мұның барлығы балалардың психологиялық әл-ауқатына терең із қалдыратын құбылыстар. Сондықтан бұл проблеманы дер кезінде анықтап, алдын алу – мектептің де, ата-ананың да, қоғамның да маңызды міндеті.

Буллингтің түрлері

Мамандар буллингті бірнеше санатқа бөледі:

Физикалық буллинг – күш қолдану, ұру, итеру, жеке затын тартып алу сияқты әрекеттер.

Психологиялық буллинг – балаға эмоционалдық қысым көрсету, көпшіліктен оқшаулау, мазақ ету, жағымсыз лақап ат тағу.

Кибербуллинг – әлеуметтік желілерде жала жабу, қорлайтын хабарламалар жіберу, фотосуреттерді тарату, онлайн қудалау.

Технологияның дамуы буллингтің интернет кеңістігінде белең алуына ықпал етіп отыр.

Проблеманың түп-төркіні неде?

Буллингтің пайда болуына түрлі факторлар әсер етеді:

• отбасындағы жанжал, агрессия немесе бақылаудың болмауы;

• жасөспірімнің өзін-өзі төмен бағалауы;

• агрессивті әлеуметтік орта;

• эмоционалды тәрбиенің жеткіліксіздігі.

Осындай жағдайлар буллингтің тек жәбірленушіге ғана емес, оны жасаушыға да теріс ықпалын тигізетінін көрсетеді.

Буллингтің салдары

Мамандардың айтуынша, буллингке ұшыраған жасөспірімдерде:

— күйзеліс, үрей, стресс;

— жалғыздық сезімі;

— оқу үлгерімінің нашарлауы;

— ұйқысыздық, бас ауруы сияқты психосоматикалық белгілер байқалады.

Ал буллингке барған жасөспірімдердің өздері де болашақта құқық бұзушылыққа бейім болуы мүмкін.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің ювеналды полиция тобының қызметкері Азат Пирматов жасөспірімдер арасындағы буллинг мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

– Бүгінде буллинг тек мектеп ішіндегі жанжал емес, үлкен заңдық жауапкершілікке әкелуі мүмкін әрекетке айналып отыр. Егер бала басқа оқушыға жүйелі түрде қысым көрсетсе, ол әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі ықтимал. Біз мектептермен бірлесіп, алдын алу жұмыстарын күшейтіп келеміз. Баланың ата-анасы оның мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, тиісті мамандарға хабарласса, көптеген келеңсіз жағдайлардың алдын алуға болар еді.

Сонымен қатар «Komek Stop Bullying Jambyl» жобасы аясында облыс аумағында орналасқан білім беру мекемелерінде арнайы QR-кодтар орналастырылғанында айта кеткім келеді. Бұл QR-кодтар арқылы оқушылар мен ата-аналар анонимді түрде буллинг, әлімжеттік, бопсалау және өзге де келеңсіз жайттар туралы ақпарат жолдай алады.

Бұндағы мақсат - әр бала өзін қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыру, сондай-ақ жедел әрекет ету арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу, – деді ол өз сөзінде.

Оның айтуынша, әрбір отбасында эмоционалдық қолдау мен бақылау жеткілікті болуы тиіс, себебі буллингтің көп бөлігі еленбей қалған тұрмыстық себептерден басталады.

Алдын алу жұмыстарында қандай бағдарламалар бар?

Мектептерде буллингтің алдын алу мақсатында арнайы бағдарламалар жүзеге асырылуда:

«Буллингті тоқтату» бағдарламасы – ақпараттық тренингтер мен семинарлар өткізу арқылы оқушыларды, ата-аналарды және мұғалімдерді хабардар ету.

«Зорлық-зомбылықсыз класс» жобасы – балаларға эмоцияны басқару, қақтығыстарды шешудің бейбіт тәсілдерін үйрету.

Кибербуллингке қарсы бастама – интернеттегі қауіпсіздік туралы вебинарлар мен интерактивті сабақтар өткізу.

Жауапкершілік кімде?

Буллингпен күрес тек мектептің міндеті емес. Психологтар, мұғалімдер, ата-аналар және қоғам бірлесіп әрекет етуі қажет. Ата-аналар баласының эмоционалдық жағдайын бақылап, интернеттегі белсенділігін назардан тыс қалдырмауы тиіс.

Жасөспірімдердің қауіпсіздігі — қоғамның болашағына әсер ететін маңызды мәселе. Балалар өздерін еркін, қорғалған, қолдау тапқан ортада сезінуі тиіс. Буллингті азайту үшін біз бірлесе жұмыс істеген кезде ғана айтарлықтай нәтижеге қол жеткіземіз.

Буллингпен күресу — келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалатын маңызды қадам.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар