«Қызғалдақ – Жамбылдың бренді»: ЮНЕСКО мүшесі Жамбыл облысында геобақ салуға ниетті
- авторИндира Тәліпқызы
- 10 мамыр, 2024
- 1.4k
Жамбыл облысы Жуалы ауданының Берікқара шатқалында қызғалдақтың сирек кездесетін 5 түрі өседі. Берікқара шатқалы ресми түрде қызғалдақтың әлемдік отаны деп саналады. Өңірде басталған қызғалдақтар фестиваліне әлемнің түкпір-түкіпірінен жүздеген турист келді, деп хабарлады jambylinfo.kz.
Жамбыл облысы әкімдігінің Туризм басқармасы хабарлағандай, фестиваль-экспедициясының мақсаты – Жамбыл облысының бренді саналатын қызғалдақтар туралы барынша мол мәлімет беру, Қазақстандағы, соның ішінде Жамбыл облысындағы туристік операторларға осы орын туралы ақпарат ұсыну. Сонымен қатар, жергілікті халықты сирек кездесетін қызғалдақтарды күтіп ұстауға үйрету.
Берікқара шатқалы тек Жамбыл облысы ғана емес, бүкіл республикадағы бірегей мекен. Мұнда Қызыл кітапқа енген Кауфман және Грейг қызғалдақтарынан тыс, Зинаида, Борщов, Островский, Регель, Альберт сияқты өзге де эндемиктер өседі. Сол себепті, сирек кездесетін өсімдіктің түр-түрін көруге қызыққандар арнайы саяхаттап келеді.
Жамбыл өңірінің жауһары саналатын қызғалдақты көруге еліміздің түкпір-түкпірінен және Еуропа мен Қытайдан саяхатшылар келген. Олар Қаратау бөктеріндегі қылғалдақты алқапты зерттеп, фотокөрмелерге дайындалып жатыр.
Қонақтардың арасында әлемдік ЮНЕСКО ұйымының мүшесі де бар. Қытайлық саяхатшы Жанг Венг Синг мұндай жерді әлемде кездестірмегенін айтып, таң қалды.
«Мен бұл жердің табиғатына тәнтімін. Мұндай жерді бұрын-соңды көрген емеспін. Енді мұндай сұлулықты барлық достарым көрсе деймін. Сол үшін барлығын суретке түсіріп жүрмін. Теңіз деңгейінен 1200 метр биіктіктен геобақ салуды қалаймын. Себебі, қаймағы бұзылмаған экожүйені барынша сақтап қалу керек", - дейді қытайлық турист.
Үш күнге созылған шарада мектептен тыс мекемелердің оқушылар және қолөнершілер арасында байқауы өтіп, конференция барысында "Жамбыл облысының жабайы қызғалдақтарының өсу географиясы туралы" атлас құрылған. Бұған қоса, «Aspara fashion week» жоғары сән апталығы аясында қызғалдақ мотивтері бар сәнді киімдер көрсетілген.