Ербол Қарашөкеев 13 жастағы қызды құтқарған тараздық тұрғынға алғыс білдірді
- авторБақытжан Бекболат
- 19 ақпан, 2026
- 242
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев 13 жастағы жеткіншекті қаскөйлерден арашалап қалған тараздық азамат Нүркен Омаровқа құрмет көрсетті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Еске сала кетейік, 2026 жылдың 17 ақпанында Тараз қаласындағы автобус аялдамаларының бірінде екі ер адам жасөспірім қызды көлікке күштеп отырғызуға әрекет жасаған. Дәл осы сәтте оқиға куәсі болған Нүркен Омаров бейжай қарамай, батыл қимылға көшіп, мектеп оқушысын ұрлауға оқталу дерегінің алдын алды. Оның жедел әрі табанды әрекетінің арқасында қыз бала қауіптен аман қалды. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер жедел түрде анықталып, ұсталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Аймақ басшысы бүгінгі күннің батырына жамбылдықтардың атынан шынайы ризашылығын білдіріп, арнайы Алғысхат пен қаржылай сертификат табыстады.
Облыс әкімі Нүркен Омаровтың ел тыныштығына немқұрайлы қарамай, азаматтықтың жарқын үлгісін көрсеткені үшін ата-анасына алғысын жеткізуді сұрады. Бұдан бөлек, ерен ерлік танытқан азаматтың әлеуметтік жағдайына назар аударып, оның тұрақты жұмыспен қамту мәселесін қарастыру жөнінде жауапты тұлғаларға нақты міндет жүктеді.






