Еуропадан тікелей дәріс: Венгрияның жоғары лауазымды мамандары ҚазҰСШИУ магистранттарына сабақ өткізді
- авторСадуақас Айсұлу
- 20 қараша, 2025
- 219
Бұл бағдарлама студенттерге серіктес университетте бір семестр оқып, екі елдің академиялық талаптарына сәйкес емтихан тапсыру арқылы Қазақстан мен Венгрияның қос дипломын алу мүмкіндігін береді.
Бағдарламаның сапасын арттыру және еуропалық тәжірибені тікелей меңгерту мақсатында магистранттар үшін Венгрияда бірқатар маңызды кәсіби кездесулер ұйымдастырылды. Оларға Венгрияның Энергетика министрлігінің өкілдері, қалалық су-канализация қызметінің басшылары, Ұлттық су жеткізуші компаниясының жетекшілері арнайы дәріс оқыды.
Дәрістер барысында студенттер Еуропаның су ресурстарын басқару жүйесін, қалалық инфрақұрылымды тиімді жоспарлау тәсілдерін, энергетикалық саясат пен жасыл технологияларды енгізу бағыттарын талқылады. Сонымен қатар, ирригация, су үнемдеу, су сапасын бақылау, цифрлық мониторинг және климаттық өзгерістерге бейімделу мәселелері кеңінен көтерілді.
Корвинус университеті — Орталық Еуропадағы экономика, менеджмент, мемлекеттік саясат, аграрлық ғылымдар және экология бағытында жетекші орын алатын ұлттық зерттеу университеті. QS және Times Higher Education рейтингтерінде Еуропаның үздік жоғары оқу орындарының қатарында аталып келеді.
Университеттің су шаруашылығы, табиғи ресурстарды басқару және аграрлық ғылымдар бағыты — Венгриядағы ең мықты ғылыми орталықтардың бірі. Corvinus зертханаларында су сапасын модельдеу, климатқа бейімделу стратегиялары, заманауи ирригациялық жүйелерді цифрландыру бойынша халықаралық жобалар іске асырылады.
Осы ғылыми ортада қазақстандық магистранттардың тікелей тәжірибе алу мүмкіндігі — үлкен артықшылық және болашақ су саласы мамандары үшін баға жетпес мектеп.
Венгрия - су ресурстарын басқару бойынша Еуропадағы озық мемлекеттердің бірі. Ел аумағындағы барлық су жүйесі Дунаи өзеніне тәуелді және трансшекаралық сипатқа ие болғандықтан, Венгрия су саясатын Еуропалық Одақтың Water Framework Directive талаптарына сай жүргізеді.
Мемлекетте:
• Ұлттық су стратегиясы негізінде су үнемдеу технологиялары, инфрақұрылымды жаңғырту және ағынды суларды қайта пайдалану жолға қойылған;
• Су сапасын бақылаудың цифрлық платформалары кеңінен енгізілген — су қоймалары мен құбыр жүйелерін онлайн режимде бақылау технологиялары жұмыс істейді;
• Жасыл энергетика мен су саласының интеграциясы дамыған — қалалық тазарту нысандарында биогаз өндірісі, энергия өзін-өзі өтеу жүйелері іске қосылған;
• Ирригацияны автоматтандыру ауыл шаруашылығында негізгі басымдықтардың бірі болып табылады.
Венгрияның мамандары жылдар бойы қалыптасқан гидротехникалық тәжірибесін халықаралық деңгейде таныстырып, әлемнің көптеген елдері үшін үлгі болып келеді. Қазақстандық студенттердің дәл осы ортада дәріс тыңдауы — олардың кәсіби деңгейін жаңа сатыға көтеретін мүмкіндік.
Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті білім сапасына баса мән беріп, халықаралық бағдарламаларды жүйелі түрде дамытып келеді. Бұл бағыт – университеттің стратегиялық даму жоспарының маңызды бөлімі. Магистранттардың Венгрияда әлемдік деңгейдегі мамандардан тікелей дәріс тыңдауы – осы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
Бұл тек теориялық білім емес, инженерлік және су шаруашылығы салаларындағы Еуропаның алдыңғы қатарлы тәжірибесін меңгеруге жол ашады.
Қазіргі таңда университет халықаралық серіктестіктерді кеңейтіп, қос дипломды бағдарламаларды күшейтіп, су шаруашылығы және ирригация саласында әлемдік стандарттарды енгізіп, студенттер мен магистранттарға нақты практикалық орта қалыптастырып келеді.
Бұл — университеттің сапаға негізделген, нәтижелі әрі қарқынды жұмыс істеп жатқанын дәлелдейді.






