Халықаралық жарыста жүлде алған Нұрдәулет Жұмағалиға 5 миллион теңге табысталды
- авторБақытжан Бекболат
- 21 қазан, 2025
- 835
2025 жылдың 2–11 қазан аралығында Үндістанның Ахмедабад қаласында өткен су спорт түрлерінен халықаралық жарыста облыстың 6 ер және 16 әйел спортшысы бақ сынады. Нәтижесінде жамбылдық арулар жүлделі үшінші орынға ие болды, депхабарлайды Jambylinfo.kz
Ал бұған дейін, 21–27 қыркүйек аралығында Сингапурда өткен паражүзуден Әлем чемпионатында тараздық спортшы Нұрдәулет Жұмағали күміс жүлдені жеңіп алып, ел намысын абыроймен қорғаған болатын.
Осы жетістіктердің құрметіне Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Шара Жамбыл облысы су спорт түрлері федерациясының президенті Нұрсұлтан Темірханның қолдауымен ұйымдастырылды.
Университет ректоры Махметғали Сарыбеков спортшыларды жеңістерімен құттықтап, алдағы жарыстарда жаңа табыстар тілеп, өңір спортының дамуына зор үлес қосып жүргендерін атап өтті.
Салтанатты жиынға «Respublica» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Айнұр Шайзханқызы да қатысып, спортшыларға сәттілік тілеп, олардың жетістіктерін жоғары бағалады.

Шара барысында Азия және Әлем чемпионаттарының жүлдегерлеріне арнайы алғыс хаттар табыс етілді. Әлемдік аренада ерекше табысқа жеткен Нұрдәулет Жұмағали 5 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақымен марапатталды. Сондай-ақ өзге спортшыларға 200 мың теңгеден қаржылай сыйақы берілді.
Нұрдәулеттің жеке бапкері Бейсембаев Саттар шәкіртін әлемдік деңгейге жеткізудегі еңбегі үшін арнайы марапат сертификатына ие болды.
Өз сөзінде федерация президенті Нұрсұлтан Темірхан өңір спортшылары мен бапкерлерінің табандылығын жоғары бағалап, былай деді:
«Жамбыл облысы су спорт түрлері құрамасындағы қыздардың 90 пайызы, ал ерлер құрамасының 70 пайызы — өз өңіріміздің спортшылары.
Нұрдәулет пен басқада спортшылардың жеңістері нағыз еңбек пен рухтың үлгісі.
Жамбыл спорты жаңа деңгейге көтеріліп келеді, бұл жолда әрбір жаттықтырушы мен спортшының үлесі зор».
Марапаттау рәсімі жылы да шабытқа толы атмосферада өтті. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар жастарды спортқа баулуға, ал аймақтық федерациялардың белсенді жұмысы су спортының дамуына серпін беретінін атап өтті.







