Салық реформасының мақсаты – бизнесті қолдау – вице-министр
- авторМағжан Орынбасар
- 14 ақпан, 2025
- 211

Жиында салық реформалары, соның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін арттыру мәселелері талқыланды,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Апта басында Үкімет бастамаларын бизнес-қауымдастықтардың қатысуымен талқылайтын алты жұмыс тобы өңірлерге баратыны айтылған.
Жалпы, басқосуға әкімдік өкілдері және мәслихат депутаттары қатысты.
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов жиын қатысушыларына Үкіметтің ұсынымдарын таныстырды.
- Қазақстандағы ҚҚС ең төмен мөлшерлемелердің бірі. ҚҚС табыстың маңызды көзі болып саналатынына қарамастан, 2022 жылы оның үлесіне ЖІӨ-нің тек 4%-ы ғана тиесілі болды. Бұл салыстырмалы кіріс деңгейі 7% болатын елдер бойынша орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен. ҚҚС-ты нығайту кірісті арттырып қана қоймай, мұнайдан түсетін құбылмалы кірістерге тәуелділікті азайтады және еліміздің инфрақұрылым мен индустрияны дамыту бағдарламасын қаржыландыруға көмектеседі. Салық реформасының басты мақсаты – түскен қаражат есебінен бизнесті қолдау, инвестициялық жобалар үшін инфроқұрылымды түзеу, экономиканың нақты секторын көтеру, — деді вице-министр.
Оның сөзінше, мемлекеттік органдар қосылған құн салығының жалпы мөлшерлемесін 16%-ға дейін ұлғайтуды, ал бірқатар сала үшін төмендетілген мөлшерлемені 10%-ға енгізуді ұсынады. Алайда мұндай салалардың нақты тізбесі әлі нақты айқындалмаған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді салықтан толығымен босату жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау саласы үшін де салық жүктемесін азайту қарастырылуда.
Кездесу барысында кәсіпкерлер мен депутаттар вице-министрге бірқатар сұрақ қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Мәселен, Үкімет ҚҚС төлеуші ретінде тіркеуге қою шегін 80 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге төмендетуді көздеп отыр. Облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Фарида Жүнісова бұл норманы алып тастау қажет деп есептейді. Оның айтуынша, өзгеріс кәсіпкерлер үшін қиындықтар туындатады. Депутат жиында кәсіпкерлікті дамыту үшін салық реформасы аясында жеңілдіктер қарастыруды ұсынды.
- Бөлшек салықтың қосымша салық реформалары шеңберінде Үкімет режимді қолдану үшін 2 миллион 359 мың мөлшерінде жылдық кіріс лимитін сақтауды ұсынады. Қызметкерлер саны бойынша шектеулер алынады. Егер жылдық табыс 100 миллион теңгеден асатын болса, еңбекақы төлеу қоры салық салынатын базадан шегеріледі. ҚР кәсіпкерлік кодексінің 24-ші бабына сәйкес, мемлекеттік қолдау көрсету және ҚР Заңнамасының өзге де нормаларын қолдану мақсатында жұмыскерлердің жылдық орташа саны 100-ден 250 адам болғандықтан, біз реформа шеңберінде орта кәсіпкерлік субьектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын 250-ден мың адамға дейін ұлғайту және жылдық жиынтық табысты 10 миллион АЕК-ке дейін ұлғайтуды ұсынамыз,- деді Фарида Жүнісова.
Кездесуді қорытындылаған вице-министр Бауыржан Құдайбергенов барлық ұсыныс жинақталып, сарапталып, жұмыс барысында ескерілетінін жеткізді.