Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында ақын, сазгер, Қазақстан Республикасының Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Талас ауданының Құрметті азаматы Битама Мырзамбетұлының 90 жылдығына арналған «Өмірі – өнеге, өлеңі – мұра, Би-аға» атты әдеби-сазды кеш өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Кеш шымылдығы ақынның өмір жолын бейнелеген театрландырылған қойылыммен ашылып, көрерменді бірден әсерлі атмосфераға бөледі. Сахналық көрініс арқылы ақынның азаматтық тұлғасы, шығармашылық мұрасы мен тағдырлы ғұмыры көркем жеткізіліп, көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Дәулет Төленді сөз сөйлеп, Битама Мырзамбетұлының ұлттық руханияттағы орны айрықша екенін атап өтті. Ол ақын мұрасын ұлықтау – ұлтқа көрсетілген құрметтің айқын көрінісі екенін жеткізді.
Кеш аясында «Ақыл қазы – ар таразы» атты аудандық мәнерлеп оқу байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға қазылық еткен зиялы қауым өкілдері де қатысушылардың өнеріне жоғары баға берді.
Әдеби-сазды кеш барысында ақынның жүрек тербетер жырлары оқылып, әндері орындалды. Ақынның қызы Жанар Битамақызының орындауындағы «Жан әкем» әні көпшілікті толқытса, немересі Айгүл Мақашова дәстүрлі әндермен көрерменнің ықыласына бөленді. Сонымен қатар, «Талас» триосы, Бауыржан Мырзамбетов, Дүйсенбек Өміралиев, Нұрым Қойгелдиев және Зәуре Сатыбалдиева орындаған туындылар кештің мазмұнын байыта түсті.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Қансейт Индираға бұйырса, жүлделі орындар өзге де талантты қатысушыларға табысталды.
Тағылымы терең бұл рухани кеш – өнегелі өмір иесінің бай мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттап, көпшілік жадында сақталатын мәнді шара ретінде ерекшеленді.



