сенбі, 25 сәуір, 2026 2:07

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда Серік Томановтың 70 жылдығына арналған әдеби шара өтті

Таразда Серік Томановтың 70 жылдығына арналған әдеби шара өтті
Ашық дереккөз
Әдеби кеш ақын өмірінен алынған сахналық қойылыммен ашылды.

Тараз қаласында «Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №10 орта мектеп бірлесіп, ақын, журналист Серік Томановтың 70 жылдығына арналған «Жыр әлемінің жарық жұлдызы» атты әдеби кеш ұйымдастырды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Рухани шараның басты мақсаты – сыршыл лирикасымен оқырман жүрегінен орын алған ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттау, оның өмірі мен өнерін кейінгі ұрпаққа үлгі ету болды. Қысқа ғұмыр кешсе де, терең мағыналы өлеңдері арқылы халық жадында мәңгі сақталған Серік Томановтың мұрасы бұл кеште жан-жақты дәріптелді.

Кешке ақынның өмірлік серігі Бибігүл апай, ұлы Еркін, сондай-ақ қаламгердің шығармашылық жолында бірге еңбек еткен әріптестері – Сәрсенбек Бәкір мен Мұстафа Машрапов қатысып, естеліктерімен бөлісті. Олар ақынның адами болмысы, достыққа адалдығы мен өнерге деген шынайы сүйіспеншілігі туралы әсерлі әңгімелер айтты.

Әдеби кеш ақын өмірінен алынған сахналық қойылыммен ашылды. Қойылым барысында «Толғақ», «Ақ парақпен сырласу», «Сағыныш дерті мең деген еді», «Ақын екем» сынды өлеңдері мәнерлеп оқылып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, заманауи технология мүмкіндіктері пайдаланылып, жасанды интеллект арқылы ақынның студенттік шағы мен еңбек жолынан сыр шертетін көріністер ұсынылды.

Кеш барысында Жамбыл облыстық филармониясы (К.Әзірбаев атындағы) әншілері ақын сөзіне жазылған «Қызыл көйлек киген қыз», «Айдында жүзген аққуым менің», «Соғады сен деп жүрегім» әндерін орындап, кештің көркемдік деңгейін арттырды.

Сондай-ақ, ақынның өмір жолына арналған бейнебаян көрсетіліп, «Жырым менің жүйрігім» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрме келушілерге қаламгердің шығармашылық әлемімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.

Шараның маңызды сәттерінің бірі – ақынның «Пәруана» кітабының Брайль қарпіндегі нұсқасының тұсаукесері болды. Арнайы дайындалған бұл басылымның бір данасы №2 «Болашақ» мектеп-интернатының оқушыларына табысталды.

Кеш соңында ақынның жары Бибігүл апай жүрекжарды алғысын білдіріп, ұйымдастырушылар мен сахналық қойылымға қатысқан оқушыларға ризашылығын жеткізді.

Аталған әдеби кеш – тек шығармашылықты ұлықтау ғана емес, адамгершілік құндылықтарды, отбасы мен достықтың қадірін дәріптеген тағылымды рухани кездесу ретінде көпшіліктің жадында қалды.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар