Таразда 2500-ден астам адамның зейнетақы жарнасы төленбей келген
- авторСадуақас Айсұлу
- 5 наурыз, 2026
- 67
Тараз қаласының прокуратурасымен 2515 азаматтың құқықтарының бұзылуына себеп болған еңбек және зейнетақы заңнамасының талаптарын сақтамау фактілері анықталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Атап айтқанда, 2025 жылдың тамызы мен желтоқсан айлары аралығында «Жасыл Ел Тараз» ЖШС-нің 650 қызметкеріне жалпы сомасы 20 млн теңгеден астам міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылмаған.
Қадағалау актісі бойынша заңдылық бұзушылықтары жойылып, қызметкерлердің міндетті зейнетақы жарналары қорға аударылып, олардың конституциялық құқықтары қорғалды.
Осы тектес кемшіліктер Тараз қаласының білім бөліміне қарасты мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда еңбек еткен 1895 қызметкерге қатысты орын алған, қызметкерлерге 283 млн теңге көлемінде зейнетақы жарналары төленбеген.
Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде жалпы сомасы 300 млн теңге зейнетақы жарналары толық көлемде өтеліп, қызметкерлердің құқықтары қалпына келтірілді.
Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау – прокуратура органдарының басым бағыттарының бірі болып табылады.



