жұма, 6 наурыз, 2026 4:09

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

8 наурыз қарсаңында бірқатар өңірде аналарға біржолғы әлеуметтік көмек беріледі

8 наурыз қарсаңында бірқатар өңірде аналарға біржолғы әлеуметтік көмек беріледі
Фото: golos-naroda.kz
Бұл төлем негізінен көпбалалы аналар мен мемлекеттік наградалары бар әйелдерге көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың бір түрі болып табылады.

Халықаралық әйелдер күніне орай берілетін әлеуметтік көмектің көлемі өңірлерге қарай айтарлықтай айырмашылыққа ие. Кейбір аймақтарда аналарға 43 мың теңгеге дейін төлем жасалса, басқа өңірлерде бұл көрсеткіш небәрі 8 мың теңгені құрайды. Ал бірқатар облыстарда мерекеге байланысты қаржылай қолдау мүлде қарастырылмаған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz  stan.kz сілетеме жасап. 

Елімізде 8 наурыз мерекесі қарсаңында көпбалалы аналарға біржолғы әлеуметтік көмек көрсету тәжірибесі қалыптасқан. Алайда өңірлердің мәліметтерін салыстыру әлеуметтік қолдаудың көлемі мен оған бөлінетін қаржы біркелкі емес екенін көрсетеді. Кейбір облыстар жүздеген миллион теңге бөліп, ондаған мың ананы қамтыса, енді бір өңірлерде мұндай төлем мүлде қарастырылмаған.

Төлем мөлшері бойынша ең төмен көрсеткіш Түркістан облысында тіркелген. Мұнда 8 наурыз мерекесіне орай "Батыр ана", "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері мен "Ана даңқы" ордендерінің иелеріне 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 8 650 теңге біржолғы көмек беріледі. Республика бойынша көпбалалы аналар ең көп шоғырланған өңірде 191 мыңнан астам ана бар. Биыл олардың 57 163-і қамтылып, жергілікті бюджеттен 494,4 миллион теңге бөлінеді.

Астана қаласында төлем мөлшері 2,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгіленген. Яғни әрбір алушыға 10 813 теңге төленеді. Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл көмек шамамен 37 мың көпбалалы отбасы мен аналарға беріледі.

Шығыс Қазақстан облысында көпбалалы аналарға 15 мың теңге көлемінде біржолғы төлем қарастырылған. Өңірде 13 438 көпбалалы отбасы тіркелген. Барлық төлемдерді есептегенде, бұл мақсатқа шамамен 201,5 миллион теңге жұмсалады.

Маңғыстау облысында да төлем мөлшері осыған жуық. Мұнда "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері мен "Батыр ана" атағын алған аналарға жылына бір рет 15 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек беріледі. Биыл мұндай төлемді шамамен 14 мың ана алады. Қаржы наурыз айында төленеді.

Ұлытау облысында көпбалалы аналарды қолдауға 187,5 миллион теңге бөлінген. Мұнда "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері, "Батыр ана" атағын алған және "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған 9 375 анаға 20 мың теңгеден біржолғы көмек көрсетіледі.

Қарағанды облысында мерекеге орай әлеуметтік қолдау кең көлемде ұйымдастырылып отыр. Мұнда 23 422 адамға 20 мың теңгеден біржолғы материалдық көмек беріледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 468,4 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға арналған мерекелік түскі ас, азық-түлік себеттерін тарату және мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Шымкент қаласында "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иелеріне 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 21 625 теңге көлемінде біржолғы төлем беріледі. Қала бойынша 14 267 ана қаржылай қолдауға ие болады. Қаражат жергілікті бюджет есебінен бөлінеді.

Павлодар облысында атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы көпбалалы аналарға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 21 625 теңге мөлшерінде төлем қарастырылған. Биыл мұндай көмекті 650-ден астам ана алады.

Абай облысында да төлем мөлшері осы деңгейде белгіленген. Мұнда "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері, бұрын "Батыр ана" атағын алған аналар және төрт немесе одан көп баласы бар отбасыларға 21 625 теңге көлемінде біржолғы көмек беріледі. Жалпы облыс бойынша 19 824 ана қамтылады. Семей қаласында да осы көлемде төлем беріліп, 6 мыңнан астам адам қамтылады.

Солтүстік Қазақстан облысы төлем мөлшері ең жоғары өңірлердің бірі саналады. Мұнда "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері мен "Батыр ана" атағын алған аналарға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 43 250 теңге төленеді. Ал төрт және одан көп баласы бар отбасыларға 5 айлық есептік көрсеткіш – 21 625 теңге беріледі. Бұл мақсатқа облыс бюджеттерінен 239,4 миллион теңге бөлініп, 7 мыңнан астам отбасы қамтылады.

Сонымен қатар бірқатар өңірлерде 8 наурыз мерекесіне орай арнайы әлеуметтік көмек қарастырылмаған. Олардың қатарында Алматы қаласы, Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Қызылорда, Жамбыл, Жетісу, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары бар. Бұл аймақтарда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуы мүмкін болғанымен, көпбалалы аналарға арналған біржолғы қаржылай төлем бөлінбеген.

Бөлісу:
Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар