Таразда Ілияс Есенберлиннің 110 жылдығына орай ғылыми-танымдық конференция өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- 17 қыркүйек, 2025
- 338
Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында қазақтың көрнекті жазушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл толуына орай «Ұлт тарихын көркем әдебиетте алғаш суреттеген қаламгер» атты тақырыпта ғылыми-танымдық конференция өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шараның негізгі мақсаты – Ілияс Есенберлиннің шығармашылық мұрасын насихаттау, жас ұрпаққа тарихи сана мен ұлттық рухты дәріптеу, сондай-ақ қазақ әдебиетінде тұңғыш болып ел тарихын эпикалық сипатта бейнелеген қаламгердің еңбектеріне терең талдау жасау болды.
Конференция жұмысына филология ғылымдарының кандидаты, доцент Темірбай Мұқашев, №3 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Тұрлыбек Қаламқас, №12 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Қайырбаева Эльмира, сондай-ақ кешкі орта мектептің тарих пәні мұғалімі Қанатбек Дәурен қатысып, қаламгердің көркемдік әлеміне қатысты мазмұнды баяндамаларымен бөлісті.
Баяндамашылар жазушының ел тарихындағы маңызды кезеңдерді, соның ішінде қазақ хандығының құрылуы мен дамуын, сыртқы және ішкі саяси жағдайларды көркем тілмен шебер суреттеген «Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогияларын жан-жақты талдады. Сонымен қатар, Есенберлиннің шығармаларында ұлттық бірлік, еркіндік пен тәуелсіздік идеяларының кеңінен көрініс табатыны атап өтілді.
Кітапхана ұжымы конференция аясында арнайы кітап көрмесін ұйымдастырып, жазушының тарихи эпопеяларына библиографиялық шолу жасады. «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас», «Алтын Орда» сияқты тарихи романдардағы кейіпкерлер бейнесі, сол дәуірдің әлеуметтік-саяси жағдайы, ұлттық мүдде жолындағы күрес көріністері көпшілік назарына ұсынылды.
Шара барысында қатысушылар Ілияс Есенберлин шығармаларының жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне де ерекше тоқталып, қаламгердің туындылары тек көркем әдебиет үлгісі ғана емес, рухани-идеялық бағыт беретін, тарихтан тағылым алуға жетелейтін өмірлік мектеп екенін айтты.
Конференция соңында қатысушылар жазушы мұрасын оқу, зерттеу, насихаттау бағытында пікір алмасып, осындай тағылымды шаралар жастардың әдебиетке, тарихқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал ететінін жеткізді.
Кітапхана ұжымы келешекте де ұлт әдебиетінің көрнекті өкілдеріне арналған жобаларды жалғастыра беретінін атап өтті.





