жұма, 5 желтоқсан, 2025 19:35

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мәжілісте банк қызметін лицензиялаудың жаңа жүйесі таныстырылды

Мәжілісте банк қызметін лицензиялаудың жаңа жүйесі таныстырылды
Фото: shutterstock
Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді

Қазақстанда екінші деңгейлі банктерге арналған лицензиялаудың жаңа жүйесі енгізіледі. Енді банктер базалық және әмбебап лицензиялар негізінде жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Бұл туралы Парламент Мәжілісінде өткен отырыста «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын таныстыру кезінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.

Оның айтуынша, заң жобалары Мемлекет басшысының 2024 және 2025 жылдарға арналған Жолдауларында берілген тапсырмаларды іске асыру мақсатында әзірленген.

«Бұл тәсілдің мақсаты – ірі банктердің ғана емес, сол сияқты нарыққа жаңа қатысушылардың дамуын қамтамасыз ететін орнықты әрі бәсекелес ортаны қалыптастыру. Халықаралық практика көрсеткендей, банк қызметі түрлі лицензиялар негізінде жүзеге асырылуы мүмкін. Мәселен, Ресей, Литва, Сингапур және АҚШ-та шағын банктер үшін жеке базалық лицензия көзделген. Еуропалық Одақта, Ұлыбританияда, Швейцарияда, Жапонияда бірыңғай лицензия шеңберінде тепе-тең талаптар көзделген», – деп атап өтті Агенттік Төрағасы.

Ұсынылып отырған заң жобасында халықаралық тәжірибе негізінде банктерге арналған лицензияның екі түрін енгізу көзделіп отыр – базалық және әмбебап. Бұл екі лицензияның айырмашылығы – олардың рұқсат етілетін операцияларының ауқымы мен оларға қойылатын реттеушілік талаптарда.

«Базалық банктік лицензиясы бар банктер үшін Заң жобасында активтердің ең жоғары мөлшері мен меншікті капиталдың ең аз мөлшеріне шектеулер белгіленеді. Бұл ретте нақты шекті мәндер заңға тәуелді актілерде айқындалады. Қазіргі кезеңде активтердің мөлшерін 500 (бес жүз) млрд теңгеге дейін және капиталдың ең аз мөлшерін 10 (он) млрд теңгеге дейін шектеу жоспарлануда», – деп хабарлады Мәдина Әбілқасымова.

Сонымен қатар, Қаржы реттеушісінің басшысы базалық лицензиясы бар банктерге бейрезиденттер мен үлестес тұлғаларға несие беруге тыйым салынатынын атап өтті. Бұл норма шағын банктердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Заң жобасына сәйкес, пруденциялық нормативтер мен қадағалау талаптарының бірқатар көрсеткіштері бойынша жеңілдетілген талаптар ұсынылады.

«Базалық лицензиясы бар банктерді қадағалау жеңілдетіледі. Жыл сайын жасалатын Қадағалап тексеру және бағалау процесі жеңілдетілген түрде қолданылады, инспекциялар жүргізу кезеңділігі және берілетін есептілік қысқартылады», – деді ҚНРДА Төрағасы.

Агенттік басшысы атап өткендей, банктер туралы жаңа заң жобасы экономиканы несиелеу аясын кеңейту, қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа қатысушыларды нарыққа тарту, қаржылық технологияларды дамыту және цифрлық активтердің айналымын ырықтандыру сынды заманауи талаптарды ескеруі қажет.

 

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар