Таразда «Шоқтығы биік Шона» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 8 қараша, 2024
- 463
Жамбылда сатирик-жазушы Шона Смаханұлының туғанына 100 жыл толуына орай «Шоқтығы биік Шона» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Конференцияға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, белгілі қаламгерлер, жергілікті атқамінерлер мен тұрғындар қатысты.
Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сөз сөйлеп, Шона Смаханұлының шығармашылығы мәңгі өлмейтінін, келер ұрпаққа қалдырған мол мұрасының қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алатынын атап өтті. Сонымен қатар, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
- Биыл сатира саңлағы, белгілі қаламгер Шона Смаханұлының туғанына 100 жыл толып отыр. Облыстың 85 жылдығымен қатар келген тұлғаның мерейтойының маңызы жоғары, тағылымы мол деп білеміз. Себебі дарынды тұлға Жамбыл жерінің ғана емес, тұтас еліміздің мақтанышы. Сол үшін «шоқ тілді Шона» атанған Шона Смаханұлының мерейтойы туған топырағында өтуі біз үшін заңдылық,- деді аймақ басшысы.
Бұдан кейін Мәлік Отарбаев конференция қатысушыларына 100 жылдық мерейтойға арналған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқыды.
- Ұлттық әдебиетіміз бен өнеріміздің тойы құтты болсын! Мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен зор ықыласын өздеріңізге жеткізуге келдім. Мемлекет басшысы қашанда ұлт зиялыларын жоғары бағалап, мемлекеттілік пен елдікке үлкен үлес қосып отырған, ұлт руханиятын байытуға еңбек сіңірген тұлғаларды қадірлейтінін білесіздер. Талас өңірі – қасиетті өңір. Біздің ұлттық әдебиетіміздің ірі өкілі – Шона Смаханұлы да осы өңірдің тумасы. Шона Смаханұлының еңбегінен, шығармашылығынан осы Таластың ғасырлар бойы жинақталған құндылықтары көрініс табады. Сондықтан бүгінгі мерейтойдың мемлекеттік деңгейде маңызы өте жоғары,- деп атап өтті Мәлік Отарбаев.
Ғылыми-практикалық конференцияда белгілі сатирик-қаламгерлер мән-маңызы бар баяндама жасап, Шона Смаханұлының шығармашылығы жөнінде ой өрбітіп, қазақ әдебиетінің жай-күйі жөнінде өзекті мәселелерді ортаға салды.