Тараздағы түзеу мекемесінде спорттық жарыс өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 18 ақпан, 2026
- 138
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №59 мекемесінде сотталған азаматтар арасында спорттық жарыс ұйымдастырылды. Іс-шара Тараз қалалық спорт басқармасымен бірлесіп өткізілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жарыс бағдарламасына гір тасын көтеру, арқан тартыс және қол күрес спорт түрлері енгізілді. Шараның негізгі мақсаты – жазасын өтеушілер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортқа деген қызығушылықты арттыру және бос уақытты тиімді пайдалану мәдениетін дамыту.
Қатысушылар белсенділік танытып, өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде үздік көрсеткішке қол жеткізгендер дипломдармен марапатталды.
Мұндай спорттық іс-шаралар сотталғандардың физикалық дайындығын арттырып қана қоймай, олардың тәртібін нығайтуға, ұжымдық бірлікті күшейтуге және моральдық-психологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етеді.



