жұма, 5 желтоқсан, 2025 14:29

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Заң және тәртіп»: Тараз университетінің студенттеріне дәріс өткізілді

«Заң және тәртіп»: Тараз университетінің студенттеріне дәріс өткізілді
Фото - ашық дереккөз
Жиында құқық қорғау қызметкерлері түрлі мәселелерге тоқталып, оның алдын алу жолдарын түсіндіріп берді.

Тараз университетінде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Цифрлық гигиена, дипфейктер және қаржылық қауіпсіздіктің аспектілері» тақырыбында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті студенттерге дәріс өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Жиында құқық қорғау қызметкерлері түрлі мәселелерге тоқталып, оның алдын алу жолдарын түсіндіріп берді.

Бүгінде алаяқтардың құрбаны болып, қаражатынан қол үзіп жатқан азаматтар қаншама? Түрлі тәсілмен адамның сеніміне кіру арқылы кибералаяқтар жеке тұлғаның банктік шотына жол тауып, ақшасын жымқырады. Күнделікті күйбең тіршілікте мұндай қаныпезерлер көбейіп барады. Ал бұларға ұрынатын адамдардың басым бөлігі қарттар мен жастар. Сол себепті жкономикалық тергеп-тексеру департаменті студенттерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, алданбауға шақыруда.

Университеттің мәжіліс залында өткен жиналыста облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің штаб басшысы, полковник Ержан Кенжебаев сөз сөйлеп, қаржылық қауіпсіздік туралы баяндады.

            – Бұл тақырып бүгінде өзектілігін жоғалтқан жоқ. Біз бір күнде жоқ дегенде 3-8 сағатымызды әлеуметтік желілерде өткіземіз. Әр қызметті жүзеге асырған сайын кибералаяқтарға керекті ақпаратты қалдыруымыз мүмкін. Яғни сайт паролі, фотосуреттер, телефон нөмірі және банктік карта мәліметтері де қалып кетіп жатады. Сол себепті цифрлы қауіпсіздік қаржылық қауіпсіздікке жол ашады. Қазақстанда биылғы 10 айдың ішінде интернет алаяқтықтың 24 мыңға жуық (23,7 мың) фактісі тіркелді. Алаяқтық түрлерінің ішінде фишинг – 4,5 мың, маркетплейстердегі онлайн-сатып алулар мен интернеттегі жалған хабарландырулар – 9,4 мың, жалған банктерден келетін СМС-хабарламалар – 5,7 мың, онлайн-кредит рәсімдеу – 4,3 мың, ал әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде аккаунт бұзып, қаржы ұйымдары атынан немесе қарыз сұрап жіберілетін хабарламалар – 1 мың жағдайды құраған. Жалпы қазақстандықтар онлайн-алаяқтарға 6 миллиард теңге жоғалтқан. Оның тек 1,5 миллиард теңгесі ғана жәбірленушілерге қайтарылып отыр, яғни ұрланған қаражаттың төрттен бірі ғана өтелген. Сондықтан интернеттегі қауіп-қатерден сақтану жолдарын білу және алаяқтардың амал-айлаларына қарсы дер кезінде әрекет ету аса маңызды. Тәжірибе көрсеткендей, алаяқтар көбінесе «TeamViewer» (Тим юер), «AVVAL DESK» (Авал деск), «AnyDesk» (Эни деск), «HopToDesk» (Хоп ту деск) және «RustDesk» (Раст деск) сияқты қосымшаларды қолданады. Оларды есте сақтап, пайдаланбаған жөн. Енді тегін Wi-Fi желілерінің қаупі туралы айтайық. Соңғы уақытта қоғамдық орындарда осындай желілер арқылы жасалатын интернет-алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті. Біз күн сайын кафеде, әуежайда, қонақүйде Wi-Fi-ға қосыламыз, алайда оның қандай қауіп төндіруі мүмкін екенін көп ойлай бермейміз. Шын мәнінде, телефонды Wi-Fi арқылы бұзу үшін небәрі 5-10 минут жеткілікті. Яғни сіз кофе ішіп, жаңалық қарап отырған аралықта қылмыскерлер сіздің ақшаңызды, жеке деректеріңізді, суреттеріңізді немесе құпия мәліметтеріңізді ұрлап үлгеруі мүмкін. Бұл қалай жүзеге асады? Алдымен алаяқтар шынайы желіге ұқсас атаумен жалған нүкте құрады (мысалы, Kaspifree орнына KaspiFree). Адамдар атаудағы айырмашылықты байқамай, соған қосылады. Осылайша бүкіл трафик алаяқтардың қолына өтеді. Олар парольдерді, банк карталарының деректерін, шоттар тарихын оңай ұрлай алады. Мұндай әрекеттердің салдары өте ауыр. Сондықтан қоғамдық Wi-Fi желілеріне қосылғанда әрдайым сақ болу қажет,– дейді Ержан Құрманбекұлы.

Ал Жамбыл облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Мұхаммед Қошмағанбетов «дипфейктер және жаңа қауіптер» тақырыбында лекция жүргізді. Ол мұндай алаяқтықтың 2019 жылдан бері 550 пайызға өскенін айтты.

            – Resemble AI компаниясының есебіне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы төрт айында дипфейк технологиясын пайдаланатын алаяқтықтан болған қаржылық шығын 200 миллион доллардан асып кеткен. Ал Deloitte компаниясы 2027 жылға қарай жасанды интеллектті қолданатын алаяқтықтан келетін шығын көлемі 40 миллиард долларға жетеді деп болжайды.

Қазақстанда да бұл қауіп шынайы күшейіп отыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл дипфейктерге қатысты 40 қылмыстық іс тіркелген.

Дипфейктердің ең көп таралған түрінің бірі – әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттар. Instagram, Telegram, VK секілді платформаларда тартымды сыртқы келбеті бар адамдардың атынан фейк парақшалар ашылып, ақша бопсалау, буллинг, шантаж және басқа да мақсаттарда пайдаланылады. Алаяқтар дипфейк арқылы жалған жеке фото мен видеолар жариялап, өздерін қыз немесе жігіт ретінде таныстырып, жиі шетелдік болып көрінеді. Сағаттап сөйлесіп, қалжыңдап, флирт жасап, адамға сенім ұялатады. Шын мәнінде, сізбен хат жазысып отырған алаяқтар жасаған бот. Мақсаты – түрлі сылтаумен ақша алу немесе интимдік сипаттағы ақпарат пен фотоларды иемденіп, кейін шантаж жасау. Осындай жағдайларда бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыз және әңгімелесіп жатқан адамның ақпаратын міндетті түрде тексеріңіз. Алаяқтық белгілерін байқасаңыз, бірден құқық қорғау органдарына жүгініңіз,– деген Мақсат Құралбекұлы мұндай алаяқтардың бірнеше түрлеріне тоқатылып, студенттермен блиц-сауалнама ретінде шағын ойын өткізді.

Жалпы ақпарат:

Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінде 2025 жылдың алғашқы 6 айында қаржы пирамидасын және заңсыз ойын-сауық бизнесін ұйымдастыру деректері бойынша 6 қылмыстық іс тіркелген. Жалпы соңғы 3 жылда аймақта қаржы пирамидаларынан 200-ден астам азамат зардап шеккен.

Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастығы, полковник Руслан Касимовтың айтуынша, былтыр заңсыз контенті бар сайттардың жұмысын тоқтату іс-шарасы аясында 3 014 сілтеме бұғатталған. Ал осы жылдың 6 айында департамент 2 000-нан астам заңсыз контенті бар сілтемені жойыпты. Олардың барлығының құқыққа қайшылығы расталған. Сонымен қатар 792 қатысушысы бар «Күнделікті табыс», «Жұмыс тобы» атты 2 «WhatsApp» чаты жабылыпты.

Сонымен қатар Қаржылық мониторинг агенттігінің жоғары оқу орындарында «Цифрлық гигиена» тақырыбында дәрістер өткізу туралы тапсырмасын орындау аясында департамент Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде студенттер мен оқытушылар құрамына арнап дәріс ұйымдастырыпты.

Руслан Мұратұлының айтуынша, құқықтық санасы дамыған қоғам – өзін-өзі реттей алатын, әкімшілік ресурстардың араласуынсыз өмір сүретін қоғам. Заңдылықты сақтау, құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейі құқықбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтқанда, адам заңның негіздерін біліп, заңды қызмет пен алаяқтардың «жылдам пайдаға» қатысты уәделерінің арасындағы айырмашылықты түсінсе, оны алдау қиын болады. Бұдан бөлек, жоғары моральдық және құқықтық стандарттары бар азаматтар өздерінен бөлек қоғамға да талап қояды, нәтижесінде құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидаты қалыптасады.

 

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар