Ауыл шаруашылығы саласына 35,3 млрд теңге инвестиция тартылды
- авторМағжан Орынбасар
- 25 қараша, 2025
- 207
Биыл Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласы бойынша 29,1 млрд теңге субсидия игеріліп, 35,3 млрд теңге инвестиция тартылған
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың айтуынша, мемлекеттік қолдау нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 458,5 млрд теңгені құраған. Осылайша өңіріміз асыраушы сала бойынша республика көлемінде 6 орынға тұрақтады.
- Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 640 мың га құрады. Өңірде қант қызылшасынан басқа барлық дақылдар бойынша егін жинау науқаны аяқталды. 3,3 млн. тонна өнім жиналды, оның ішінде 283 мың тонна дәнді масақ, 31,3 мың тонна майлы дақылдар, 1,3 млн.тонна көкөніс дақылдары, 207 мың тонна картоп, 389 мың тонна бақша дақылдары. Үстіміздегі жылы 762 бірлік ауыл шаруашылығы сатып алынды. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы техникасын жаңғырту деңгейі 5,6%-ды құрады. Мал шаруашылығында ет өндірісі - 2,7%-ға, сүт - 1,6%-ға артты. 888,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды, оның ішінде 410 мың тонна пияз. Өнім экспортталған елдердің қатарында Ресей, Қырғызстан, Пәкістан, Өзбекстан, Әзірбайжан бар. Бұл республика бойынша 1 орын, - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2025 жылы 3,2 млрд теңгеге 437 жоба қаржыландырылған.
- 2027 жылға дейін құны 365 млрд. теңгеге 1,6 мың жұмыс орнын құруды көздейтін 37 жоба іске асыру жоспарлануда. Ағымдағы жылы құны 18,1 млрд. теңгеге 36 жұмыс орны құрылған 5 жоба іске асырылды. Оның ішінде 960 млн теңгеге жаңбырлатып суғару техникасын орнату, 221,0 млн теңгеге тыңайтқыштар өндіру, 750,0 млн теңгеге көкөніс сақтау қоймаларын салу, 560,0 млн тиісінше, 15,6 млрд теңгеге мал сою цехы сынды жобалар бар. Ағымдағы жылдың қараша айында «Алель Агро» АҚ-мы инкубациялау мен құс өсіруден бастап, дайын өнімді қайта өңдеуге және нарыққа жеткізетін ірі жобаны іске қосты. Қуаттылығы жылына шамамен 70 мың тонна. Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесін масштабтау шеңберінде 3,0 млрд теңгеге 7 жоба несиелендірілді. 4,4 млрд теңгеге тағы 6 жобаны қаржыландыру жоспарлануда. Жекелей айтқанда 4 көкөніс қоймасы, қайта өңдеу бойынша 5 жоба, балық өсіру бойынша 2 жоба, етті мал шаруашылығы бойынша 1 жоба, заманауи асыл тұқымды құс өсіру репродукторын құру бойынша 1 жоба бар, - деді Қайрат Есенұлы.
Ал, Талас ауданы бойынша есепті кезеңде аудандағы мал басының саны артқан. Бүгінгі күні ауданда мүйізді ірі қара – 30020, қой-ешкі – 325929, жылқы – 17813, түйе – 2168, шошқа – 172, үй құстары 35567-ні құрап отыр.
- Ауылшаруашылығы өнімі бойынша мал мен құс еті – 8937,2, сүт – 4881,4, жүн – 430,5 тонна, жұмыртқа – 3007,1 мың дана орындалған. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 259,8 миллион теңге көлемінде инвестициялар тартылды, нақты көлем индексі 60,4 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы техникалары бойынша ауданда барлығы 812 дана ауыл шаруашылығы техникалары, оның ішінде, 7 астық комбайны, 323 трактор, 482 басқа қосалқы агрегаттар тіркелген. Көктемгі егіс-дала жұмыстарына 439 ауыл шаруашылығы техникалары тартылды. Биылғы жылға 53 ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау жоспарланған. Ағымдағы жылдың 9 айында 346 миллион теңгеге 12 трактор, 1 комбайн және 18 басқа да агрегаттар сатып алынды, - деді аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков.
Сонымен қатар биылғы жылға 519 гектар егіс көлемін тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісімен және лазерлі тегістеуішпен егу көзделген.
- Оның ішінде, «Зерхат» шаруақожалығы – 190, «Рәтбек» – 35, «Нұрдаулет» – 100, «Демеш» – 55, «Мирас» – 10 гектарды қамтыған. Ветеринариялық кешенді жоспарға сәйкес 2025 жылдың ақпан айында ауыл шаруашылығы малдарына арналған барлық вакциналар келіп, жоспар бойынша ауылдық округтерге таратылып берілді. Салынған вакциналар жоспарға сай «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» базасына енгізіліп отырады. Бірдейлендіру жұмыстары бойынша ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 12144 бұзау, 151889 қозы-лақ, 5277 құлын, 350 бота, 100 торай бірдейленіп, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасына енгізілді, - деді шенеунік.
Жуалы ауданы — ауыл шаруашылығын негізгі тірек еткен, егін және мал шаруашылығы қатар дамыған өңірлердің бірі. Соңғы жылдары ауа райының тұрақсыздығы мен құрғақшылық жағдайларына қарамастан, аудан шаруалары табандылық танытып, жоспарлы жұмыстарды жүйелі түрде орындап келеді.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 40 374,0 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,7 пайызға жетті. Бұл нәтижелер аудандағы шаруашылықтардың жүйелі жұмысы мен агротехникалық талаптардың сақталуының арқасында мүмкін болған.
"Биылғы жылы негізгі дәнді дақылдар – жаздық арпа мен күздік бидайдың ору жұмыстары жоспарға сай жүргізілді. Жаздық арпа 28 192 гектар жерге егілген болса, соның 26 848 гектары толық жиналды. Өнімділік гектарына орта есеппен 6,8 центнерді құрап, жалпы 18 473 тонна астық жиналды. Ал 1 344 гектар жер оруға келмейтін деп танылды. Күздік бидай бойынша да оң нәтижелер байқалды. Бұл дақылдың егіс көлемі 11 206 гектарды құрап, соның 11 031 гектары толық жиналды. Орташа өнімділік гектарына 9,2 центнерді құрап, жалпы 9 315 тонна астық қамбаға түсті. Жалпы алғанда, аудан бойынша дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 7,4 центнерді құрады. Жиналған жалпы өнім көлемі 27 595 тоннаға жетті", – деді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев.
Жер өңдеп, сала жұмысын жеңілдету ісінде ауыл шаруашылығы техникаларының маңызы зор деп айтуға болады. Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қатысатын ауыл шаруашылығы техникаларының саны – 730 бірлікті құраған. Оның ішінде, 369 дана доңғалақты трактор, 127 дана соқа, 149 қопсытқыш, 60 дәнсепкіш, 5 дәнулағыш және 20 дана басқа да техникалар бар. Ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңартуға келсек, биылғы жоспар – 104 дана (1 комбайн, 44 трактор, 59 тіркеме). Бүгінгі күнге жалпы сомасы 393,5 мың теңгеге 58 жаңа техника сатып алынды (23 трактор – 275,1 миллион теңге, 35 тіркеме – 118,4 миллион теңге). Орындалуы 5,8 пайыз.
"Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарына көктемге 2766,4 тонна, ал күзгі дала жұмыстарына 556,5 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Дизельді таратушы оператор болып «Ақ Қайың» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекітілген. Ауданда агроөнеркәсіп кешенін несиелеу де жолға қойылған деп айтуға болады. 2025 жылы «Жуалы» несие серіктестігінен «Кең дала» бағдарламасы арқылы көктемгі дала жұмыстарына 20 шаруашылық 221,9 миллион теңге қаражат алды. Ал «Агробизнес» бағдарламасымен 9 шаруашылық 115,3 миллион теңге несие алып, онымен қоса 2 шаруашылық 40 миллион теңгеге өтінім беріп отыр. «АгроНесиеКорпорация» акционерлік қоғамынан «Кең дала» бағдарламасымен көктемгі дала жұмыстарына 21 шаруашылық 273,9 миллион теңге көлемінде несие алып, жұмыс атқару үстінде", – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жауапты мамандары.






