сәрсенбі, 18 ақпан, 2026 3:46

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда 300-ден астам жыр-термені жатқа білетін талант тұрады

Жамбылда 300-ден астам жыр-термені жатқа білетін талант тұрады
Фото - ашық дереккөз
Цифрлы дәуірдің дүбірі күшейіп, жасанды интеллект пен жаңа технологиялар алға шыққан уақытта халық жадын арқалаған жыршылық өнердің де үні өшкен жоқ.

Қайта көмейіне қазына қонған жастар арқылы жаңғырып келеді. Сондай сирек дарынның бірі – жадында 300-ден аса жыр-термені сақтаған Бекарыс Көштаев. Оның зердесінде жыраулар дәуірінің сарыны сайрап тұрғандай.

Бекарыс Жәнібекұлы бүгінде облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығында қызмет атқарып, кейінгі буынға көне өнердің қыр-сырын үйретіп жүр. Жас та болса, он күндеп толғауға созылатын эпикалық жырларды жатқа айтатын термеші – дәстүрлі өнердің бүгінгі жалғастырушысы.

Көмейіне бұлбұл ұялаған Бекарыстың жасы 26-да. Өз өңіріміздің тумасы. Байзақ ауданы, Тегістік ауылының түлегі. Дарынды домбырашы әрі күйші. Ол П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде білім алған.

Халықаралық, республикалық дәрежедегі бірнеше күйшілер байқауының, соның ішінде «Домбыраның қос ішегі» байқауының жүлдегері.

– Осы Бекарысқа сырттай ен тағып жүр едік. Атына қанықпыз. Біздің орталыққа осындай сақа мамандар керек деп қарап жүргенбіз. Шақырдық. арнайы. Келді. Жұмыс істеп жатыр. Сарыбас, Жамбыл, Қаратау қойнауы, Шудың аңғары, Талас ақындарының, Ұлбике жырларын жатқа білетін, мақамнан мақамға өтіп Сұраншы, Саурық, Алпамыс батыр сынды жырларды таңды таңға соғып жырлайтын осы жігіт. Эпикалық кең тынысты жырларды бір сарынмен ғана емес төгілдіріп жырлайды. Осы мақамдарды келістіре, ышқынта жырлаудың хас шебері. Үлкен қазынамыз деп көп үміт күтіп отырмыз. Жамбыл жері жыршы-термешіліктен артта қалып қалдық. Сүйінбайдың, Кененнің көптеген мақамдарынан адасып қалдық. Жыраулар поэзиясы – халқымыздың қабырғалы ән жыры. Сондықтан кәсіби термешілер, жыршыларды үйретеді деп шештік, – дейді орталықтың басшысы Ахметжан Өзбеков.

Бекарыстың «Ақбөпе-Сауытбек», «Жамбылдың жоқтауы», «Бауыржанға арнау», «Жамбылдың түсі» сынды жыртермелері әлеуметтік желіде кеңінен насихатталып жүр. Жас термешінің өзімен тілдестік.

 – Қазақтың жыр-термелері – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани, тарихи және тәрбиелік мәні бар мұрасы. Олар өмір мен өнер, адамгершілік, тағдыр мен тарих туралы толғаныстарды, жыраулардың ақыл-кеңесін, эпикалық жырларды жеткізеді, әдетте домбыра немесе қобыз сүйемелдеуімен нақышына келтіріп айтылады. 15 күн жырлайтын жырлар болады. Мәселен «Алпамыс батыр» жырын мен ұзақ жырлап айтқанды жөн көремін. Жырдың ішіндегі баяндау бар, сақау қатынның сөзі бар, әртүрлі кейіпкерге енесің. Соны сомдап шығасың. Бұрындары көк жәшіктің жоқ кезінде халық сыртқа шығып, алқақотан отырып, жыршы-термешілерді тыңдаған ғой. Тура бір теледидар көргендей әсер алған. Сонда неге жалықпаған? Дауысы, мақамы, ырғағы, кейіпкерді сомдауы, төгілтіп, шабылтып, арасында үздіге жырлауы тыңдарманды яки көрерменді ғашық еткен. Бір орнынан тапжылмай отырып сол себепті тыңдаған. Ұмытылып бара жатқан дәстүрімізді тірілтіп, өзіме де өзгеге де шабыт беріп жүргеніме қуанамын, – дейді Бекарыс.

Терме ғибратты, өнегелі сөздерден құрылады. Ырғақтық құрылысы жағынан жеті-сегіз буынды жыр үлгісінде айтылады. Ерте замандардан бері келе жатқан термелер бүгінгі күні заманауи үлгіде айтылып жүр. Оны жалғастырушы осы Бекарыс секілді дарындар.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар