сенбі, 4 сәуір, 2026 0:21

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда көктемгі дала жұмыстары қарқын алды

Жамбылда көктемгі дала жұмыстары қарқын алды
Фото: Jambylinfo.kz
Жамбыл облысында биыл егіс алқаптарын 25,5 мың гектарға ұлғайтып, жалпы көлемін 665,4 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Оның айтуынша, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 378,3 мың гектарға орналастырылса, майлы дақылдар – 44,3 мың, қант қызылшасы – 8,5 мың, картоп – 8,8 мың, көкөніс – 28,9 мың, ал бақша дақылдары 9,7 мың гектар алқапқа егілмек. Сонымен қатар мал азығын дайындау үшін 186,7 мың гектар жер қарастырылған.

Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында биыл «Ислам даму» банкінің қолдауымен облыс аумағындағы 76 каналға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Соның нәтижесінде суға тәуелді кейбір дақылдардың көлемі қысқартылып, егіс құрылымына өзгерістер енгізілуде. Атап айтқанда, көкөніс және бақша дақылдарының көлемі біршама азайтылып отыр. Жалпы облыстағы суару жүйелерінің ұзындығы 430,3 шақырымды құрап, 51,4 мың гектар алқапты қамтиды.

Биыл ауыл шаруашылығында басты назар өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуге аударылмақ. Осыған байланысты дәндік жүгері алқабы 30 мың гектарға дейін ұлғайып, өнім көлемі 210 мың тоннаға жетеді деп күтілуде. Ал қант қызылшасының көлемі 8,5 мың гектарға жеткізіліп, 450 мың тонна өнім жинау жоспарланған. Қазіргі таңда 19,9 мың гектар жер жыртылып, 21,3 мың гектар алқап егіске дайындалған. Сонымен бірге арпа, көкөніс және көпжылдық шөп егу жұмыстары да басталып кеткен.

Көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқым толық дайын. Жалпы көлемі 59,6 мың тоннаны құрайтын тұқым қорының ішінде элиталық және әртүрлі репродукциядағы тұқымдар бар. Сонымен қатар шаруаларды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін табуда. Биыл бұл мақсатқа 27,4 мың тонна дизель отыны қарастырылып, оның негізгі бөлігі көктемгі жұмыстарға бөлінген. Жанар-жағармай белгіленген операторлар арқылы нарықтағы бағадан төмен, жеңілдетілген шартпен берілуде.

Өнімділікті арттыру үшін минералды тыңайтқыштарды пайдалану да назарда. Биыл 665,4 мың гектар алқапқа 109,7 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Бұл бағытта мемлекет тарапынан 2,5 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлініп, шаруаларға қолдау көрсетілуде.

– Көктемгі дала жұмыстарына 10,7 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасын жұмылдыру жоспарланған. Оның ішінде трактор саны – 5447. Жер өңдейтін соқалар саны – 1032, қопсытқыштар – 562, дән сепкіштердің саны – 645. Бұдан бөлек 79 тұқым дәрілегіш, басқа да 2920 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Техника паркін биыл 8 пайызға жаңарту көзделіп отыр. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары аясында облысқа 7 миллиард теңге қарастырылған. Жалпы өтінімдер өткен жылдың қараша айынан бастап қабылданған. Бүгінгі күні 187 шаруадан 6,1 миллиард теңгеге өтінім түсіп, 149 шаруаға 4,4 миллиард теңге 5 пайыздық жеңілдікпен несие ретінде берілді, – дейді басқарма басшысы.

Соңғы жылдары байқалып отырған су тапшылығы мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Осыған байланысты су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары күшейтілуде. Бүгінде тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілдері кеңінен қолданылып, өткен жылы 66,5 мың гектар алқап қамтылған. Биыл бұл көрсеткішті 76,6 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар жерасты су көздерін пайдалану арқылы егістікті суландыру жобалары іске асырылуда. Қазіргі таңда мыңдаған гектар алқап арнайы ұңғымалар арқылы сумен қамтамасыз етілуде. Ал алдағы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар кеңейтіледі.

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы да дамып келеді. Атап айтқанда, ірі инвестициялық жобалардың бірі – жүгеріні терең өңдейтін өндіріс кешені. Бұл жоба толық іске қосылғанда жылына бірнеше миллион тонна өнім өңдеуге мүмкіндік береді.

Қант өндірісі саласында да оң өзгерістер бар. Тараз қант зауыты ұзақ үзілістен кейін қайта жаңғыртылып, биылдан бастап қант қызылшасын өңдеуді қолға алмақ. 

– Жоғарыда айтқанымыздай, биыл қант қызылшасы 1,9 мың гектарға артып, 8,5 мың гектарға орналасатын болады. Нәтижесінде 450 мың тонна қант қызылшасын жинау жоспарлануда. Жиналған өнім екі негізгі кәсіпорында өңделеді. Тараз қант зауыты 2001 жылдан бері қант қызылшасын өңдеуді тоқтатып, тек қант құрағынан қант өндіріп келген. Зауыт 2025 жылдан бастап модернизациядан өтіп, қант қызылшасын өңдеуге ауыстырылуда. Биылғы маусымда 25 жылдан кейін қайта іске қосылып, 200 мың тонна қант қызылшасын өңдейтін болады. Екінші өндірістік база – Меркі қант зауыты. Зауыт бүгінде тұрақты режимде жұмыс жасап тұр. Жылдық өңдеу қуаттылығы 250 мың тоннаны құрайды. Сонымен қатар 2027 жылы қытайлық «Zhongkai Kazakhstan» компаниясының жаңа қант зауытын іске қосу көзделуде. Аталған зауыт жылына 1 миллион тонна қант қызылшасын өңдеп, 130 мың тонна қант өндіреді. Меркі және Тараз қант зауыттары да өз жұмысын жалғастырады. Нәтижесінде өңірде 2028 жылдан бастап жылына жалпы 1,5 миллион тонна қант қызылшасы өңделіп, шамамен 186 мың тонна қант өндіру жоспарлануда. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда дайын қант өндірісін 10 есеге дейін ұлғайту күтілуде. Жалпы көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы және өңірдегі қайта өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін қамтамасыз ету қатаң бақылауда, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар