жұма, 5 желтоқсан, 2025 14:27

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылдық ұстаздар марапатталды

Жамбылдық ұстаздар марапатталды
Фото - Jambylinfo.kz
Бірнеше номинация бойынша үздіктер қаржылай сертификатқа ие болды

Бүгін Баласағұн орталық концерт залында Мұғалімдер күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Мерекелік жиын білім саласындағы жетістіктер туралы бейнеролик пен А. Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры әртістерінің қойылымымен ашылды.

Бұдан соң шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров педагогтерді кәсіби мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

- Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – «Ұстаздар күнімен» шын жүректен құттықтаймын! Білім мен тәрбиенің шамшырағы болған Сіздердің өлшеусіз еңбектеріңіз – еліміздің жарқын болашағына қаланған берік іргетас. Бүгінгі күні өңірімізде педагогтердің кәсіби деңгейі артып, шығармашылық әлеуеті еселеніп келеді. Соның айғағы ретінде, биыл Жамбыл облысының 92 ұстазы халықаралық және республикалық олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Академик Асқар Жұмаділдаев атындағы халықаралық және IMPACT шығармашылық сайыстарында математика, физика, информатика пәндерінің 14 мұғалімі жеңімпаз атанып, командалық есепте республика бойынша І орынға қол жеткізді. Сонымен қатар, «Оқу және математикалық сауаттылық: табысты синергия» атты республикалық байқауда Жамбыл облысы командасы да І орынға ие болды, - деді Нұржан Сәбитұлы. 

Салтанатты шарада білім беру жүйесін дамытудағы, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін бірқатар мұғалімге «Еңбек ардагері» медалі, «Ы. Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. 

Бұдан бөлек, бірнеше номинация бойынша үздіктер қаржылай сертификатқа ие болды.

Шара соңы К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртістері және өнерлі ұстаздар мен оқушылардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар