Жамбылдықтар сурдлимпиаданың жүлдегерлерін құрметпен қарсы алды
- авторМағжан Орынбасар
- 27 қараша, 2025
- 130
Жамбылдықтар палуандарды салтанатты түрде күтіп алып, сый-сияпаттарын табыстап, ризашылықтарын білдірді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Тараздық тарландар аспанмен таласқан алып ғимараттарымен әйгілі Токиода тұғыр биігінен көріне білді. Еске салайық, 15 қарашада Жапония астанасында жалауы желбіреген XXV жазғы Сурдлимпиада ойындары бірер күн бұрын өз мәресіне жеткен еді. Есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында төрт жылда бір өтетін дүбірлі дода биыл ерекше тарихи мәнге ие. Нақтылай түссек, биылғы жарыс – Сурдлимпиадалық қозғалыстың 100 жылдығымен тұспа-тұс келді. Жалпы, биылғы ойындарға бас-аяғы 81 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 209 дисциплинада бақ сынады. 78 спортшыдан құралған Қазақстан ұлттық құрамасы 8 спорт түрі бойынша ел намысын қорғады. Оның ішінде 7 спорт түрі бойынша сынға түскен 12 жамбылдық спортшы бар. Ұлттық құрама үшін алғашқы жарыстар 16 қараша күні сурдо дзюдо мен сурдо бадминтоннан басталды. Кейін жарыс кестесіне сәйкес жеңіл атлетика, үстел теннисі, жүзу, грек-рим күресі, таеквондо, еркін күрес додалары бойынша жалғасын тапты.
Сонымен аталған сында еліміздің спортшылары рекордтық нәтиже тіркеп, бұрын-соңды бұйырмаған жүлдеге кенелді. Төрт жылда бір келетін дүбірлі аламанның ақырғы күндерінде де спортшыларымыз ел мерейін үстем етті. Бұл күндері еркін күрестен белдесуге шыққан балуандарымыз көптің үмітін ақтай білді. Олардың қатарында жерлесіміз Ғабит Есжанов та бар. 57 килограмм салмақта өнер көрсеткен оғлан күміс жүлдеге ие болды. Ал әулиеаталық Ғасыр Тұрсынбай (74 кг) қола жүлдені қанағат тұтты.
Айта кетейік, Ғабит Есжанов бұған дейін 2013 жылғы Сурдлимпиада ойындарында жеңімпаз атанған еді. Бұдан бөлек ол дәл осы жарыста 2021 жылы күміс жүлдені қанжығасына байлаған. Қуанарлығы, қос спортшы да Әлем және Азия чемпионаттарынан жүлдесіз қайтқан емес. Сурдлимпиада ойындарында кезекті рет топ жарып, өз мықтылығын дәлелдеген саңлақтарды жамбылдықтар Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде сән-салтанатымен қарсы алды. Жылы жүздесуге облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысып, спортшыларды жарқын жеңістерімен құттықтады.
Ол өз сөзінде сайдың тасындай іріктелген саңлақтарға зор сенім артылғанын атап өтті. Мұнан соң қос спортшының бапкері, еңбек сіңірген жаттықтырушы Ерназар Қонысбаев қолдау көрсеткен барша жанкүйерлер мен облыс басшылығына шынайы ризашылығын білдірді. Айтуынша, қазақстандық сурдлимпиадашылар бұған дейін үздік ондыққа ілінген емес. Ал мұның артында бапкерлер құрамы мен ерік-жігері мол спортшылардың көзге көрінбейтін орасан еңбегі тұр.
Иә, байрақты бәсекеде жекелей сайыс бойынша дзюдодан Қазақстан қоржынына алғашқы жүлдені салған Анна Краморова да Әулиеата өңірінің тумасы. 78 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен бұрымдымыз қола жүлдеге қол жеткізді. Ал командалық сында Қазақстан ерлер құрамасы жеңімпаз атанса, әйелдер құрамасына күміс медаль бұйырды. Бұл құрамаларда жамбылдық Айдос Түгелбаев, Фериде Кара-оглы мен Анна Краморова өнер көрсеткен. Міне, дәл осы жеңістер ұлттық құраманың жалпы есептегі нәтижесін жақсарта түсті.
Өкінішке қарай, жамбылдық кейбір спортшылар үшін жүлденің жалынан ұстау былай тұрсын, іріктеу кезеңінен өтудің өзі мұң болды. Әйтсе де, бұл сында ұпай ұстамаған саңлақтарымыз алдағы жарыстарда қарсыластарын жарыс жолынан ығыстырады деген үміттеміз.
Қорыта айтқанда, бізге яғни, Қазақстан құрамасына бұл жолы 8-орын бұйырды. Көш басында 32 алтын, 38 күміс пен 29 қола медаль олжалаған Украина спортшылары тұр. Бейтарап команда ретінде қосылған саңлақтар 31 алтын, 12 күміс және 7 қоланы иемденіп, екінші сатыға тұрақтаған. Үздік үштікті 17 алтын, 8 күміс пен 13 қола медаль иеленген АҚШ сурдо спортшылары түйіндеген.






