жұма, 5 желтоқсан, 2025 21:03

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылдық жастардың бір шоғыры «Ақылды ферма» жобасын жасап, ауыл ша­руа­шылығы саласына тың серпін әкелуде

Жамбылдық жастардың бір шоғыры «Ақылды ферма» жобасын жасап, ауыл ша­руа­шылығы саласына тың серпін әкелуде
Фото: Jambylinfo.kz
Озық ойлайтын жамбылдық жастардың бір шоғыры «Ақылды ферма» жобасын жасап, ауыл ша­руа­шылығы саласына тың серпін әкелуде.

Жамбыл облысы, Тұрар Рыс­құлов ауданы, Көгершін ауы­лын­дағы Ақтоған мектебінің оқушылары мал шаруашы­лығына бағытталған жоба ойлап тапты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Көгершін ауылы аты әлемге танылған Абсент сәйгүлігімен белгілі болса, мұндағы жастар осы асылтұқымды жылқы шаруашылығын мықтап дамытуды көздеп отыр. Мектеп оқушылары жылқы ферма­ла­рын­да жұмыс істейтін малшылардың ауыр еңбегін көріп, информатика пәнінен дәріс беретін мұғалімімен бірге «Ақылды ферма» жобасын әзірлеп шығарған. Бұл жобалары республикалық Fibonacci Robot Olympiad байқауына қатысып, ІІ орынды жеңіп алған. 

– Былтыр ізденімпаз оқушы­ларымызбен бірге ғылыми жаңа­лықтарымызбен Алматы қала­сын­да өткен республикалық бай­қаудан ІІІ орын алған едік. Кейін Астана қаласында ұйым­дастырылған байқаудан ІІ орынды олжаладық. ІІ орынды жеңіп ал­ған «Ақылды ферма» жобамыз негізінен жылқы шаруашылығын дамытуға бағытталған. Ауылымыз ертеден Абсент тұлпары арқылы аты әлемге танылған. Содан бері мұнда жылқы бағумен айналы­сатын бірнеше шаруа қожалығы бар. Онда жұмыс істейтін адамдар жылқыға жем-шөбін, суын беріп, астын қолмен тазалап ауыр бейнет шегеді. Осыны ескере отырып, оқушыларыммен ақылдаса келе сол малшылардың жұмысын жеңілдететін жоба әзірледік. Қазір бірнеше адам еңбектеніп жүрген фермада біз әзірлеген жобаны іске қосса, барлық жұмысты 2 адам ғана атқара алады. Себебі барлық жұмыс тетіктер арқылы іске аса­ды. Тек 2 адам соларды бақылап жүрсе жеткілікті. Тіпті, беймезгіл уақытта ұры түссе немесе өрт шы­ғып, әлде газ иісі сезілсе, бақылау­шының ұялы телефонына белгі бе­ріледі. Адамға хабар бере оты­рып, тетіктер құтқару жұмыстарын өздері атқара береді. Яғни, ешкім­ді күтіп отырмайды. Бұл – уақыт­ты жоғалтпай, шығынға ұрын­дырмай, қауіптің алдын алу деген сөз. Бұдан бөлек, фермадағы күн­делікті үздіксіз жүргізілетін малдарға жем-шөбін, суын беру, астын тазалау, іші ысыса жел­деткішті қосу сынды жұмыстар автоматты түрде жүзеге аса береді. Бұл жобамызды ауылдағы қожа­лық иелеріне көрсетіп, олар қы­зығушылық танытып, бізге робот­тар дайындауға көмектесеміз деп қуантты. Алдағы уақытта осы «Ақыл­ды ферма» еңбек на­рығына еніп, ауыл шаруашылы­ғымен шұ­ғылданатын азаматтар­дың игі­лігіне жараса одан асқан арма­нымыз жоқ, – деді оқушы­лардың жаңа жобасына жетекші болған ұстаз Бағдат Баягизев.

Бекназар Маратбек, Қайыр­жан Орынбасар, Нұртас Балтабай, Темірхан Шәкен, Омар Қайыржан сияқты ізденімпаз балалар осы­лайша өз идеяларын жан-жақты дамыта отырып, елге пайдасы тиер іс жасағысы келеді. 

Айта кетейік, «Ақылды фер­ма» жобасын әзірлеуде инфор­матика пәнінің мұғалімі, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мұрасбек Байше­ми­ров те ерекше үлес қосқан. 

– Қазір білім, ғылым жолында ізденетін жастарға қолдау аз емес. Соның нәтижесінде жемісті жобалар жүзеге асуда. 2018 жылы мектебімізде ІТ сыныбы ашылған болатын. Сол сыныпта оқушы­ларға сабақ өтумен қатар, робото­техника бойынша ғылыми жоба дайындап, жеке ізденемін деген балаларға мүмкіндік берілуде.  Мектеп оқушыларының ғылыми жобалар жарысынан олжалаған жеңістері – білімге деген құш­тарлықтың, үздіксіз еңбектің және нағыз ұжымдық рухтың же­місі. Жас робототехниктеріміз болашақта үлкен табыстар мен жаңа белестерді бағындырып, ғылымды тың қырынан таныта­тынына бек сенімдімін, – дейді Мұрасбек Дүйсембекұлы.

Астана қаласында өткен рес­публикалық байқауға 650 коман­да, 2000-ға жуық оқушы мен 250-ден аса мұғалім қатысқан. Осындай дүбірлі додада жоғары нәтиже көрсетіп, ІІ орын алған Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің оқушылары «Көгер­шін» тобы атауымен бақ сынаған. Ал топ жетекшісі Нұрсұлтан Бо­лат­бек достарымен бірге ауыл­дастарының игілігіне жарайтын жаңа жобаларды дайындауға тағы ізденіс үстінде жүргендерін айтады.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар