Қазақстанда бетті тұмшалауға тыйым салынды: Бұл тыйымнан кімдер босатылады?
- авторАрайлы Жақсылық
- 25 шілде, 2025
- 738
Тыйым адамның жүзін толық жауып тұратын киімдерге, атап айтқанда балаклава, бетперде, никаб сияқты жабындарға қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz ІІМ-ге сілтеме жасап. Себебі мұндай киімдер жеке тұлғаны анықтауға кедергі келтіреді. Ал хиджаб, шейла, химар, аль-амира және бетті жасырмайтын өзге де діни киімдерге бұл шектеу қолданылмайды.
ІІМ мәліметінше, бұл шектеу келесі жағдайларда да қолданылмайды:
- ауа райының қолайсыздығына байланысты (аяз, шаңды дауыл және т.б.),
- медициналық себептермен (мысалы, маска тағу қажет болған жағдайда),
- қызметтік міндеттерді орындау кезінде (мысалы, арнайы киім киетін мамандар),
Сондай-ақ спорттық немесе мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысушылар үшін де аталған ерекшеліктер қарастырылған.
Полицейлердің айтуынша, бұл заңнамалық өзгерістердің негізгі мақсаты - азаматтардың құқықтары мен дін бостандығына қол сұқпай, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тәртіпті сақтау және тұлғаларды сәйкестендіру мүмкіндігін арттыру.
Бұған дейін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы да бұл бастаманы қолдаған еді. Басқарма өкілдері бетті жабу исламдағы міндетті шарт еместігін және оның қазақ халқының мәдени дәстүріне жатпайтынын атап өтті.





