Қазақстанда электрсамокаттарға арналған жаңа ережелер енгізіледі
- авторСадуақас Айсұлу
- 4 желтоқсан, 2025
- 119
Қазақстанда электрсамокаттарды пайдалануға қатысты ережелер қатаңдайды. Мәжіліс қылмыстың алдын алу мәселелері жөніндегі түзетулерді екінші оқылымда мақұлдап, жалға берілетін электрсамокаттарды ресми түрде көлік құралы санатына енгізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Заңға өзгерістер енгізілуінің басты мақсаты - жол қозғалысына қатысушылардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігін күшейту. Депутат Магеррам Магеррамовтың айтуынша, енді жалға берілетін электрсамокаттар міндетті сақтандыруға қойылып, әрқайсысында арнайы тіркеу нөмірі болуы тиіс. Бұл талапсыз жолға шығу заңсыз деп саналады.
Жолға шығудың негізгі талаптары:
Депутат түсіндіргендей, тас жолдың жүріс бөлігіне: 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана шыға алады.
Ал саябақтар мен веложолақтарда жас ерекшелігіне қарамастан самокат тебуге болады, бірақ белгілі шектеулер сақталуы тиіс:
максималды жылдамдық: сағатына 6 км;
самокатты жаяу жүргіншілер жолында, өтуге кедергі келтіретін орындарда қалдыруға болмайды.
Жалға беру компанияларына қойылатын талаптар
Самокат паркін басқаратын фирмалар:
әр құрылғының нақты тұрған жерін бақылауы тиіс;
жылдамдықты өлшейтін арнайы модуль орнатуы керек.
Бұл нормаларды орындамаған шағын және орта кәсіпкерлерге:
20 АЕК (78 640 теңге) айыппұл,
Қайталанса - 40 АЕК (157 280 теңге) айыппұл салынады.
Тіркеу нөмірі мен сақтандыру
Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепёха әр самокатқа компанияға тиесілі жеке танылатын нөмір бекітілетінін айтты. Бұл мемлекеттік нөмір емес, бірақ кез келген куәгер оқи алатын белгі болады. Егер самокат қатысқан жол-көлік оқиғасы немесе құқықбұзушылық тіркелсе, нөмір арқылы құрылғыны анықтау оңай болмақ. Электрсамокаттар міндетті түрде сақтандырумен қамтылуы тиіс.





