Қазақстанда тіркелмеген телефондар бүгіннен бастап байланыстан ажыратылуы мүмкін
- авторАрайлы Жақсылық
- 25 шілде, 2025
- 512
Ереже телефонның сатып алынған уақыты мен шарттарына байланысты жүзеге асады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Мемлекеттік органдар мен мүдделі тараптардың қатысуымен өткен кеңейтілген жиында 25 маусымға дейін желіде белсенді болған құрылғыларды өшірмеу туралы шешім қабылданды. Яғни мұндай телефондар верификациядан өтпесе де, мобильді желілерде жұмысын жалғастыра береді.
«Барлық тарап ортақ шешімге келді: 2025 жылғы 25 маусымға дейін пайдаланылып келген, тіркелмеген болса да, байланыс құралдары автоматты түрде заңдастырылды. Назар аударыңыздар – олар сөндірілмейді», – деді Еуразиялық тұтынушылар одағы басқарма төрағасы Светлана Романовская.
Бұл ақпаратты Цифрлық даму министрлігі де растады. Бизнестің өтпей қалған құрылғыларды тіркеуіне арналған өтпелі кезең 25 мамырда аяқталған болатын. Ал қарапайым қолданушылар үшін телефон алғаш рет 25 маусымнан кейін желіге қосылса және тіркелмесе, ол «сұр тізімге» түседі. Бұл жағдайда иесіне құрылғыны тіркеу үшін бір ай уақыт беріледі. Егер белгіленген мерзімде тіркелмесе, құрылғы байланыстан ажыратылуы мүмкін.
«Жеке тұлғаларға пайдаланылмаған құрылғыларды заңдастыруға 25 маусымға дейін уақыт берілді. Құрылғы желіге қосылғанда верификациядан өтпесе, ол «сұр тізімге» енгізіледі. Мұндай құрылғыларға верификациядан өту үшін 30 күн уақыт беріледі. Егер осы мерзімде верификациядан өтпесе, ол «қара тізімге» түседі», – деп хабарлады ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.





